Бауыржан Исламхан ұлттық құрамаға шақырту алды

Бауыржан Исламхан үлкен футболға қайта оралды және бірден ұлттық құрамаға шақырту алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Допингпен ұсталған футболшы қараша айында Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктерімен өтетін жолдастық кездесулерге қатысуы мүмкін. Айта кетейік, 2020 жылы Азия Чемпиондар Лигасының ойынынан кейін оның сынамасынан тыйым салынған препарат табылған болатын. «Футболшының екі жылдық дисквалификациясы аяқталып, жаттығуды жалғастыруға болатыны туралы тиісті құжаттар алынды. Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы бір ай бойы Бауыржан Исламханмен жұмыс жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Алматыда басталатын жиынға шақырту туралы шешім қабылдады», – делінген ҚФФ таратқан ресми хабарламада. Ал бас бапкер Магомед Адиев: «Жаттығу жиынында Бауыржанның  бабын тағы бір байқап, алдағы ойындарға қаншалықты дайын екенін білеміз», – дейді.