Билли Джин Кинг кубогі: Қазақстан мен Польша құрамалары кездеседі

Кезекті қарсылас белгілі. Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Польша құрамалары кездеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жөнінде жеребе тарту рәсімінен кейін белгілі болды. Айтулы шара Шотландияның Глазго қаласында өтті. Оның барысында әйелдер теннисінен алдағы әлем чемпионатының жұптары анықталған болатын. Қазақстан іріктеу кезеңін өз алаңында, яғни, Астанада бастайды. Бірақ қарсылас осал емес. Польша сапында әлемдік жарыстарда үнемі топ жарып жүрген Ига Швёнтек пен Магда Линетт сиқты теннисшілер бар. Ал ел намысын Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина және Жібек Куламбаева сияқты қыздар қорғайды. Қазақстан мен Польша арасындағы мачтар сәуір айында өтеді.

Айта кетейік, қазақстандық қыздар биыл әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шықты. Алайда Глазгодағы ақтық сында топтық кезеңнен аса алмады. Ұлттық құрама Ұлыбритания командасын жеңіп, Испания бұрымдыларына есе жіберген болатын. 

Юрий Польский, Қазақстан теннис Федерациясының вице-президенті:

- Польша теннисшілерін өте жақсы білеміз. Қыздар командалық сында кездеспесе де жекелей сындарда жиі жолығады. Бұған қоса, қос елдің теннисшілері бірлескен жаттығулар өткізіп, шеберлік шыңдап тұрады. Сондықтан, бір-бірімізді жете танимыз. Мықты тұстарын да, осал тұстарын да ескереміз. Матчтар сериясы Астанада өтетіні қуантады. Біз өз алаңымызда сәтті өнер көрсетеміз. Мықты деген талай елдің құрамаларын ұтып, сенсациялық жетістіктерге жеттік.