Ертең футболдан әлем чемпионаты басталады

Ертең Қатарда футболдан әлем чемпионаты басталады. Қазақстандықтар 4 жылда бір рет келетін доданың барлық ойынын тікелей эфирден көре алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы алдағы көрстелімнің тұсаукесер рәсімін жасады. Онда әлем чемпионаты матчтарын жүргізетін комментаторлық құрам таныстырылды. Айта кетейік, әлем чемпионаты 18 желтоқсанға дейін жалғасады, осы аралықта дүниежүзінің үздік 32 құрамасы бас жүлдеге таласады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– 4 жылда бір рет келетін және 1 айға созылатын футбол мерекесі басталды. Бұл бірінші рет қысқы маусымға сәйкес келіп отыр. Оның үстіне Месси, Роналду сияқты жұлдыздардың соңғы әлем чемпеионаты болуы мүмкін. Сондықтан әлем көз тіккен футбол додасынан біздің жанкүйерлер де қалмайды.