Астанада пара волейболдан ел чемпионатының жеңімпазы анықталды

Бұл жолы Атырау спортшылары топ жарды. Енді команданың үздік ойыншылары ұлттық құрама қатарына шақырылады. Мамандардың айтуынша, елде осы пара спорт түрі дамудың жаңа деңгейіне өткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алда маңызды жоспарлар бар. Ақтық сында Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының командалары бақ сынасты. Тартысты бәсекеге жолдама алғандар арасынан ең мықтыны анықтау оңайға соққан жоқ. Спортшылар өз бабында. Жылына 3 мәрте ел кубогі мен чемпионат турларын өткізуді дәстүрге айналдырған.

Ерік Қасқабаев, пара волейболдан ұлттық құрама мүшесі:

Жоспарлар жаңағы классификационная Азия чемпионаты өтеді Астана қаласында. Біздің федерация президенті, секретарь бәрі сөйлесіп жатыр, ертең комиссия келеді. Біздің залымызды бәрін тексереді. Бұйырса, лицензия алып Парижге барамыз.

Бүгінде пара волейболшыларымыз барлық халықаралық ұйымдарда аккредиттелген. Дүниежүзілік федерация құрамына кіретін 64 ел ішінде Қазақстан пара спортшылары үздік ондыққа кіреді. Бұл ұлттық федерация құрылғаннан бергі 5 жылда қол жеткен жетістіктер.

Дүйсенбай Тұрғанов, Қазақстан пара волейбол федерациясының президенті:

– Қараша айының басында Босния және Герцеговинада біз 7-орын алған едік. Сол кезде Халықаралық федерация президентімен кездесіп, келесі жылы маусым-шілде айларында Қазақстанда Азия чемпионатын өткізетін болдық.

Алдағы жылы еліміз пара волейболдан Азия чемпионатын өткізуге ниетті. Бүгінгі жарыс демеушісі – «Жусан банк» өкілдері спортшыларды қолдаудың маңыздылығын айтады. Себебі әр сайыс – жаңа белеске бір қадам жақындатады.

Авторлары: Рухани Асқар, Ербол Дайыров

 

 

Сондай-ақ...