ӘЧ: Аргентина Сауд Арабиясынан ұтылды

Аргентина Сауд Арабиясынан ұтылды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қатар астанасы Доха қаласында футболдан әлем чемпионаты жалғасып жатыр және күні кеше сенсациялық нәтиже тіркелді. Жарыстың басты фавориті Аргентина құрамасы алғашқы ойында арабтарға есе жіберді. Матч оңтүістік америкалықтардың белсенділігімен басталды. 9-шы минутта Лионель Месси 11 метрлік айып добын сәтті орындап, өз командасын алға шығарды.

Бірінші кезең соңына дейін Аргентина ойыншылары тағы да мергендігімен көзге түсті. Бірақ, төрешілер бейнеқайталау көмегіне жүгініп, оны есепке алмады. Ал екінші кезеңде, керісінше, Сауд Арабиясы қарқынын күшейтіп, 5 минутта 2 гол соқты. Алдымен Салех Аль-Шехри, артынша Салем Аль-Давсари мүмкіндіктерін мүлт жібермеді.

Қорытынды есеп: 2:1. Сенсациялық жеңіске жеткен арабтар өз тобының бірінші сатысына көтерілді. Аргентинада әзірге ұпай жоқ.

Айта кетейік, бұған қоса «С» тобында Мексика мен Польша құрамалары өнер көрсетеді.