Қостанай облысы Амангелді ауданында футбол алаңы ашылды

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі.

Бұл Мемлекет басшысының айрықша назарында. Өңір-өңірде спортты дамытуға кәсіпкерлердің де қосып жатқан үлесі аз емес. Мәселен Қостанай облысының Амангелді ауданында былтыр бассейн кешені, ал күні кеше футбол алаңы ашылды. Қара топырақта доп теуіп жүрген қара домалақтар енді су жаңа алаңда жаттығады.

Бұл Амангелді ауданындағы "Демалыс" саябағы. Осы маңға кәсіпкер футбол алаңын салып берді. Балалар қуанышты. Енді жеткіншектер бұл жерде футболдың қыр-сырына қанығады. Салтанатты жиынға спорт майталмандары да қатысты. Арнайы тренинг өтті. Алдағы уақытта мына ұландар шетелде де доп тебуі мүмкін.

Фазылбек Әбсаттарұлы, футбол клубының директоры:

- Қазақстандағы жалғыз футбол клубы Португалияда футболшыларды дайындайтын. Біздің ойларымыз сол келесі жылы осы жерде республикалық турнир ұйымдастыру, «Арландар» футбол клубының филиалын ашу осы жерден. Осы жердің талантты балаларын Португалияға шығару.

Жүзуден жарыс өтті

Футбол алаңы ғана ашылып қойған жоқ. Ауданда жасөспірімдер арасында суда жүзуден Ақтұрсын Омарұлының жүлдесіне арналған жарыс өтті. Турнирге 100-ден аса ұл-қыз қатысты. Болашағынан үміт күттіретіндер аз емес.

Нұрлыбек Әбдіхалықов, бассейн кешенінің меңгерушісі:

- 2008-2012 жж жасөспірімдер жарысы осымен екінші жыл өтіп отыр. Бассейн ашылғанына 2-жыл. Соның ішінде былтыр 84 бала қатысса, биыл 100-ге тарта бала осы суда жүзу үйірмесіне қатысып отыр. 

Сапар Ысқақ, меценат:

- Бүгін екінші жарыс көріп отырмын. Былтырға қарағанда жаттығуы жағынан деңгейлері өскен. Бұл енді көптен бері болмаған жарыстың біреуі. Өйткені бұл жақта судың жарысы кішкене кенжелеп қалған. Мынау бассейн бір жыл бұрын тапсырылды. Қазір бұл жақта су спорты дамып жатыр. Оның дәлелі бүгінгі өтіп жатқан жарыс.

Соңғы екі жылда Амангелдіде жүзу спорты өрге жүзіп келеді. Жабық бассейн салынғалы спортқа ден қойғандар көбейген. Оның үстіне турнир кезінде жасөспірімдерге Фариза Балғатайқызы шеберлік сабағын өткізді. Фаризаның өзі осы Торғай даласынан шыққан. Бүгінде суда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ал келесі жылдың қыркүйегінде ауданда жүзу мен футболдан республикалық деңгейде жарыс өтпек. 

Қорған Қонысбайұлы