Дамир Исмағұлов кәсіпқой боксқа ауысады

Дамир Исмағұлов кәсіпқой боксқа ауысады

Аралас жекпе-жек шебері соңғы кездесуіндегі сәтсіздіктен кейін осындай мәлімдеме жасады.

«Жақын күндері бокстан Ресей ұлттық құрамасымен бірге жаттығу жиынына қатысамын. Бұған дейін де мықты деген былғары қолғап шеберлерімен спаррингтер өткізіп, оларды жеңіп те жүргем. Сол кезде кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсету туралы ой пайда болған еді. Жақын арада сол мақсатым жүзеге асуы мүмкін», - дейді Дамир. Ресейдегі қандасымыз бұған дейін әр дайындықтың 80 процентін бокс жаттығуларына арнағанын алға тартады. Осы тұрғыда бапкері Ильдар Аисиннің еңбегін де ерекше атап кетті. Еске сала кетейік, Дамир соңғы кездесуін өткен аптада Лас-Вегас қаласында өткізді. ЮФС турнирі аясында ресейлік Арман Царукянмен жолығып, төрешілер шешімімен есе жіберді. Бұл Дамирдің соңғы 7 жылдағы бірінші, ал жалпы кәсіпқой мансабындағы екінші жеңілісі. Ол бүгінге дейін бас-аяғы 26 жекпе-жек өткізіп үлгерді. 31 жастағы Дамир қазір ЮФС ұйымымен келсім-шартты тоқтатты. 

Киокушин шеберлерінің халықаралық турнирі

Қазақстан Оупен. Дәл осындай атаумен каратэден халықаралық турнир өтті. Айта кету керек, киокушин шеберлерінің  бәсекесі жыл сайын тұрақты ұйымдастырылады. Бұл жолғы жарысқа еліміздің түкпір-түкіпінен және көрші елдерден 500-ге жуық қатысушы жиналды. Әсіресе, Ресей құрамасы нөмірі бірінші спортшыларын әкеліп, татамидегі тартыстың көркін қыздырды. Жарыс балалар, жасөспірімдер жәіне ересектер арасында өтті. Ең жас қатысушы – 8 жаста. Қазақстан Оупен турнирі жылдың қорытынды жарысы саналады және отандық спортшылардың тәжірибе алмасып, шеберлік шыңдауына керемет мүмкіндік дейді спорт мамандары. Сондықтан, алдағы уақытты оның ауқымы мен форматын ұлғайту жоспарланып отыр. Халықаралық турнир аясында жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, жыл үздіктері де марапатталды. Әсіресе, ең үздік спортшы, ең үздік бапкер және ең үздік спорттық аймақ, мектеп, клуб аталымдары бойынша арнайы сыйлықтар мен төсбелгілер  табысталды.

Рыбакина бірінші ракетканы ұтты

Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасын ұтты. Қазақстандық теннисші Біріккен Араб Әмірліктеріндегі көрсетілімдік турнирге қатысты. «Әлемдік теннис лигасы» деп аталатын жарыс аясында жерлесіміз польшалық Ига Свёнтекпен жолығып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қорытындыв есеп: 6:3, 6:1. Кездесудің өзі 1 сағатқа ғана созылды. Осының алдында Рыбакина әлемдік рейтингте 5-ші тұрған беларусь өкілі Арина Соболенконы және төртінші тұрған франциялық Каролин Гарсияны да жеңген болатын. Соның арқасында жарыс жеңімпазы атанды. Айта кетейік, Әлемдік теннис лигасы командалық форматта өтті және Елена Рыбакина Александр Зверев, Доминик Тим, Анастасия Павлченкова сияқты спортшылармен бірге “Сұңқарлар” тобында өнер көрсетті. Бұған қоса, Елена Рыбакина жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның ең үздік спортшысы атанды. Ол биыл әлемдегі ең мәртебелі теннис турнирі  Уимболданды ұтқан болатын. Соны негізге алған Мәденет және Спорт министрлігі оған жуырда жылдың үздік спортшысына берілетін "Жеңімпаз рухы" сыйлығын табыстады.