Бибісара Асаубаева шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақ қызы Бибісара Асаубаева шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Блицте ешкімге дес бермеген жерлесіміз әлемдегі ең жылдам шахматшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Даңқты шахматшаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Президент «әлемдік сайыстағы отандық спортшылардың осындай елеулі жетістіктері елімізді интеллектуал ұлт ретінде танытып, жас өрендерді жігерлендіреді» деді.

Бибісара Асаубева блицтің биігін екінші мәрте бағындырды.  Өткен жылы әлемдегі ең жас чемпион атанған қазақ қызы өзінің мықтылығын тағы бір мәрте паш етті. Жеңістің оңайшылықпен келмейтіні анық.  Бибісара жетінші турға дейін желпініп ойнай алмады.  Тек 8-ші турдан  кейін ғана серпілген Асаубаева шаршы тақтада нағыз шайқас көрсетті.  Тіпті рапидте  Динара Сәдуақсованы жеңген қытай қызы да Бибісараға тұсау бола алмады. 

Бибісара Асаубаева, шахматтан екі дүркін әлем чемпионы:

- Мен өте бақыттымын. Өткен жылғы жеңісімнің кездейсоқ емес екенін дәлелдедім. Өкінішке орай рапид жарысының бірінші күні ауырып қалғандықтан бар мүмкіндігімді көрсете алмадым. Дегенмен блицте барымды салдым. Еңбегім еш кеткен жоқ. Қолдау көрсеткен барша жанкүйерлерге алғысым шексіз.

Бибісараның бүгінгі жеңісіне өзге қыздарымыздың да септігі тиді. Әсіресе Гүлісхан Нақбаева екінші орын алған Үндістан шахматшысын ұтып, Асаубаеваға жол ашты.

Гүлісхан Нақбаева, гроссмейстер:

- Енді бұл жеңіс айтарлықтай біздің  барлық кішкентай балаларымызға көптеген отбасыларға  шахматтың дамуына арықарай  үлкен бір өз серпінін береді әрине. Себебі  көптеген ата-анналар біздің де қызымыз Бибісара Асаубаева сияқты болсын деп шахмат секциясына көбірек береді деп ойлаймыз.

Ерлер арасында Магнус Карлсенге тең келер қарсылас табылмады. Норвегиялық гроссмейстер Алматыда өткен чемпионаттан рапид пен блицті де ұтып, екі алтын алып қайтты. Жарыстан кейін журналистермен жүздескен әлем чемпионы, дүнежүзілік доданың жоғары деңгейге ұйымдастырылғанын айтты.

Жандос Айтбайұлы, Сұлтан Бейсекенов