«Барыс» елордада ресейлік командадан жеңілді

«Барыс» елордада ресейлік командадан жеңілді

«Барыс» тағы жеңілді.

Елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Астанада Ресейдің Нижнекамск қаласынан келген "Нефтехимигіне" қарсы өткізді. Өткен сенбіде болған матч қонақтардың пайдасына шешілді. 5-минутта алаң қожайындары есеп ашып, Линден Вей ерекшеленді. Екінші кезеңде 29-минутта "Нефтехимик" ойыншысы Егор Попов таразы басын теңестірді. Араға екі минут салып Антон Сағадеев астаналық ұжымды тағы алға шығарды. 37-минутта Энтони Луис "Барыс" басымдығын еселеді. Алайда 39-минутта қарсылас команда сапындағы Андрей Белозеров есеп айырмасын қысқартты. Өкінішке қарай, үшінші кезеңде "Барыс" ойыншылары бірде-бір шайба соға алмай, қарсыластың камбэк жасауына жол берді. 42-минутта Андрей Чивилев есепті 3:3 қылып теңестірсе, 54-минутта Михаил Сидоров "Нефтехимикті" осы кездесуде алғаш рет алға шығарды. Ал ойын соңында бос қалған қақпаға гол тоғытқан Павел Порядин матч нүктесін қойды. Қорытынды есеп 3:5. Осылайша "Барыс" қатарынан үш мәрте жеңілді. Келесі матч бүгін "Барыс Аренада" "Сібірге" қарсы өтеді.

«Барселона» Испанияның супер кубогін жеңді

«Барселона» Испанияның Супер Кубогін жеңді. "Реал Мадридпен" болған тартысты матчтың 33-минутында жартылай қорғаушы Гави есеп ашты. Қақпаның оң жақ бұрышына ұшқан допты Тибо Куртуа қайтара алмады. Бірінші таймның соңында польшалық шабуылшы Роберт Левандовский Гавидің шығарған әдемі пасын оңтайлы пайдаланып, есепті еселеді. Екінші таймда да "Барселона" өз ойын өрнегін көрсетті. 51-минутта Дембеле тепкен доп Куртуа аяғына тиіп кейін серпілгенімен, 69-минутта алдыңғы жартылай қорғаушы Педри есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл жолы да пасты Гави шығарып берді. Ал "Реал Мадрид" сапындағы франциялық ойыншы Кәрім Бензема матчтың негізгі уақытынан кейінгі қосалқы минуттарда престиж голын соғып, командасын ірі жеңілістен аман алып қалды. Осылайша, Эль-Классико нәтижесі Хави шәкірттерінің жеңісімен аяқталды.

«Челси» көптен күткен жеңісіне қол жеткізді

Англия Премьер-Лигасындағы "Челси" көптен күткен жеңісіне қол жеткізіп, жеңілістер сериясын үзді. АПЛ-дың 20-туры аясында ақсүйектер өз алаңында "Кристал Пэласты" қабылдады. "Стэмфорд Бридж" стадионында өткен матч,,, алаң қожайындарының жеңісімен аяқталды. Бірінші таймда Тиаго Силваның жермен тепкен добын Гуайта Висенте қайтарды. Есеп тек екінші таймда ашылды. Матчтағы жалғыз голды 64-ші минутта германиялық жартылай қорғаушы Кай Хаверц салды. Допты бұрыштамадан ойнатқан Конор Галлахер марокколық командаласы Хаким Зиешпен пас алмасып, соңғысы әуелеткен допқа бірінші болып баспен Хаверц жетті. Қонақтардың қақпашысы Висенте доптың ұшқан бағытын тапқанымен, кеш секірді. Қорытынды есеп 1:0. Осылайша турнир кестесінде Челси 10-орында. Көш басында 47 ұпаймен "Арсенал" тұр. Екінші орынға 39 ұпаймен "Манчестер Сити" жайғасса, одан тек бір ұпайға "Ньюкасл Юнайтед" қалып келеді.

Сондай-ақ...