Қазақ қыздары әлем кубогында топ жарды
Дәл қазір Марокко астанасы Рабат қаласында стенд атудан дүниежүзілік дода өтіп жатыр.
Байрақты бәсекеге 45 елден 250-ге жуық спортшы жиналды. Араларында жерлестеріміз де бар. Жарыстың кезекті күні әйелдер арасында командалық жарыс өтті. Скит бағытындағы сайыста ел намысын Зоя Кравченко, Әсем Орынбай және Адель Садақбаева үштігі қорғаған. Олар финалға дейін жетіп, соңғы сында АҚШ құрамасына басым түсті. Жеңімпаз атанған қазақстандық қыздар жекелей рейтингтерін де жақсартты. Кейін дәл осы көрсеткіш Париж олимпадасының жолдамалары сарапқа салынғанда негізгі рөлді атқарады. Ұлттық құрама өкілдері қоржындағы жүлде санын еселеп арттыра алады. Өйткені, әлем Кубогы 24-ші қаңтарға дейін жалғасады. Оған бас-аяғы 13 спортшымыз қатысып жатыр.