Бекентай Тұрлыбеков универсиада чемпионы атанды
Лейк-Плэсид Универсиадасы биатлоншыларымыз үшін сәтті болды.
Жігіттеріміз Қазақстан қоржынына тағы бір алтын және қола медаль салды. 10 шақырымдық спринтте Бекентай Тұрлыбеков жеңімпаз атанса, Александр Мухин қола жүлдеге қол жеткізді.
Биатлоншылардың бағы жанған күн болды. Әттең араға америкалық спортшы кіріп кетті. Болмаса жеңіс тұғырында тек қазақстандықтар тұратын еді. Өйткені Кирилл Бауер мен Вадим Куралес те жеңімпаздардан кейін іркес-тіркес келді. Бекентайдан біз түгілі бапкерлер де үміт күтпеген. Бірінші Универсиадасына келген Тұрлыбеков талайға таңдай қақтырды. Нысана көздеуде 41 үміткердің арасынан мүлт кетпеген жалғыз Бекентай еді. Жүгіруде де жанын салды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Универсиада чемпионы атанды.
Бекентай Тұрлыбеков, Универсиада чемпионы:
- Жеңіске жеткеніме әлі де сене алар емеспін. Нысаналарға дәл тигізгеніме өте қуаныштымын. Барымды салып жүгірдім. Жанкүйерлер жақсы қолдау көрсетті. Бапкерім де жарыс бойы ақыл-кеңесін аяған жоқ.
Қазақстан құрамасы сапындағы ең тәжірибелі биатлоншы Александр Мухин болатын. Алғашқы күннен бастап Александрды бәйге төбенің басынан күттік. Аралас эстафетада және жекелей жарыста жолы болмаған Мухиннің осы жолы бағы жанды.
Александр Мухин, Универсиаданың қола жүлдегері:
- Жарыс мен үшін ауыр болды. Себебі ұшақпен жиі ұшқандықтан болар үш күн бұрын аздап сырқаттанып қалдым. Бүгін жағдайым тәуір. Сондықтан қола медальға ие болып тұрмын. Келесі жарыста қолдан келгеннің бәрін жасаймын.
Енді із қуу жарысында жерлестерімізге жеңілдеу болады. Өйткені сөреден бүгінгі уақыт көрсеткіштері бойынша шығады. Ату айлағында қателеспесе жүлденің ауылы алыс емес. Өкінішке орай биатлоншы қыздарымызға жүлде бұйырмады. Ең үздік нәтиже көрсеткен Полина Егорова бесінші сатыға табан тіреді. Сәрсенбілік жарыс күнін конькишілер қортындылады. Ауа-райының әсері болды ма командалық сайыста көш соңында қалып қойдық. Ал бейресми командалық есепте Қазақстан құрамасы 4-ші орынға көтерілді.
Авторы: Жандос Айтбайұлы