ПСЖ Роналду бастаған ұжымды жеңді

ПСЖ Роналду бастаған ұжымды жеңді

Сауд Арабиясының Әл-Насыр және Әл-Хиләл клубтарының бірлескен ұжымы мен ПСЖ арасында болған матчта 9 гол соғылып, франциялық клуб жеңіске жетті.

Астана уақытымен түнгі сағат 23:00-де басталған жолдастық кездесу Эр-Рияд қаласында өтті. Ойынның 3-минутында Пари Сен-Жермен шабуылшысы Лионель Месси есеп ашты. Араға жарты сағат салып, қарсылас команда капитаны Криштиану Роналду пенальти арқылы таразы басын теңестірді. 39-минутта Хуан Бернат қызыл қағаз алды. 43-минутта Мбаппенің шығарған пасына Маркиньос жауап қатып, ПСЖ-ны тағы алға шығарды. Бірінші тайм соңында Неймарға 11 метрлік айып добын тебу мүмкіндігі бұйырды. Соққы әлсіз болғандықтан қақпашы міз бақпай, доптың бағытын дұрыс тапты. Қосымша уақытта Криштиану Роналду тағы да тең есепке қол жеткізді. Алғашында тепкен добы қақпа бағанасына тиіп кейін серпілгенімен қайтадан Роналду аяғына оралды. 7-номерлі ойыншы бұл жолы мүлт кетпеді.

Екінші тайм басында Мбаппе Серхио Рамосқа пас беріп, испаниялық ойыншы мүмкіндікті ұтымды пайдаланды. 56-шы минутта Сауд Арабиясы жұлдыздары сапынан 20-номері Чжан Хен Су гол салды. Ал 60-минутта Мбаппенің өзі пенальтиден соғып, есепті еселеді. Одан кейін ПСЖ құрамында 44 номерлі Екитике ерекшеленді. Бірақ 90-минуттан кейінгі қосымша уақытта Әл-Насыр ойыншысы Талиска таблодағы айырманы қысқартты. Қорытынды есеп 4:5.