ҚР ІІМ «Динамо» қоғамының үздіктерін марапаттады
ҚР ІІМ "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының үздік спортшыларын марапаттады.
Әртүрлі спорт бойынша ұлттық командалардың шамамен 80 процентін "Динамо" спортшылары құрайды. Тәуелсіздік жылдары қазақстандықтардың жазғы және қысқы олимпиадаларда жеңіп алған 81 медальдің 68-і динамо спортшыларының еншісінде. Токиодағы Олимпиада ойындарына жеңіп алған 97 лицензияның 72-ін және Олимпиадада ел қоржынына түскен 8 қола жүлденің 7-уін динамошылар алды. Олар: дзюдошы Ұлттық Ұлан капитаны Елдос Сметов, Ұлттық Ұлан ефрейторлары ауыр атлет Зульфия Чиншанло мен еркін күрес балуаны Нұрислам Санаев, Қызылорда облыстық Полиция департаментінің лейтенанты боксшы Қамшыбек Қоңқабаев, Токио Олимпиадасына қатысқан гимнастшы Ұлттық Ұланның қатардағы жауынгерлері Милад Карими мен садақшы Ильфат Абдуллин.
Айта кеткен жөн, таяуда атыраулық полиция қызметкері Әлихан Сейітов қоян қолтық ұрыстан әлем чемпионы атанды. Шығыс Қазақстан облысының полицейі Айбек Саметаев жауынгерлік самбодан әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Динамолық боксшы, Ұлттық Ұлан лейтенанты Серік Теміржанов Пхукет қаласында өткен бокстан Thailand Open халықаралық турнирінде Алтын медальге ие болды.
Юрий Мельниченко, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы:
- Статистика бойынша "Динамо" спорт қоғамының жұмысы елімізде ең нәтижелі саналады. Шамамен жүзжылдық тарихы бар клуб медаль саны бойынша жоғары көрсеткішке ие. Жиналыс кезінде нақты сандарды естігенімде кәсіби спортшы және осы клубтың мүшесі бола тұра таңданысымды жасыра алмадым. Бізді және жас спортшыларды, қарамағындағы қызметкерлерді осылай елеп жатқан қоғам басшылығына ризашылығымды білдіремін.