Бангкокта бокстан жастар арасында Азия чемпионаты жалғасып жатыр

Тайланд астанасы Бангкокта 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионаты жалғасып жатыр.

Жігіттер сапында Махмұд Сабырхан мен Санжар Тәшкенбай алғашқы жеңістеріне қол жеткізген болатын. Қыздар құрамасында Виктория Графеева турнир қожайыны, Натничейді 2 мәрте нокдаунға түсіріп жеңді. Мөлдір Тойкова филиппиндікпен айқасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Өкінішке қарай, Жансая Рахымберді мен Әнел Құдайберген жеңілді. Соңғысы 48 келідегі айқаста, өзбекстандық Фарзона Фозиловаға есе жіберді. Жас спортшыларды ересектер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов бастап барды. Өйткені жастар құрамасының бас бапкері қызметі, әзірге бос.

Мырзағали Айтжанов 2009 жылдан бастап 10 жылға жуық уақыт бойы бокстан ерлер құрамасын жаттықтырды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері. Оның қол астында Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов олимпиада чемпионы атанды. Ал бұрынғы бас бапкер Қайрат Сәтжанов денсаулық жағдайына байланысты өз еркімен қызметінен кетті.

Маратбек Мықтыбеков, Қазақстан Бокс федерациясының атқарушы директоры:

- Мырзағали Құланұлының алдында үлкен жоспар тұр. Кеше ғана ол оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 жастағы Азия чемпионатына кеткен болатын. Сондықтан оны бізге толық таныстырып үлгермеді. Мен ойлаймын енді, осы Азия чемпионаты біткеннен кейін келіп, Спортты дамыту дирекциясымен және спорт комитетімен, федерациямен бірге біздің алдымызда өзінің жоспарларын қорғайды деген сенімдемін.

Осыдан екі апта бұрын «Мырзағали Айтжанов тағайындалды» деген кезде интернет қолданушыларының пікірі қақ айырылды. Бірі қуанса, бірі сынап жатты.

СКРИН-ПІКІРЛЕР:

  1. Кезінде біздің боксшылар өзбекстандықтарға ұтыла бергесін Мырзағали Айтжановты бас бапкерліктен алып тастаған болатын. Бұл заңдылықты тоқтату үшін Айтжанов мырза енді не өзгеріс жасайды екен?
  2. Тұрсын Еділовты бас бапкер ретінде кою керек.
  3. Өзімізде жарыстарда шын әділдік болмай сыртқы жарыстарда ұтыла береміз. Мықты боксшылар бармай қалып қояды. Осы басты мәселе.

Маратбек Мықтыбековтың айтуынша, бас бапкер қызметіне бірнеше кандидатура болды. Бірақ жас үміткерлер Мырзағали Айтжановтың біліктілігі мен тәжірибесін ескеріп, інілік танытып жол берді.

Ауыр салмақтағы боксшы Айбек Оралбай да Түркістан облысындағы оқу-жаттығу жиынына қатысты. Былтыр ол Азия чемпионы атанды. Ішкі біріншілікте талай мәрте топ жарды. Айбек - 2018 жылы жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарының чемпионы.

Айбек Оралбай, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Осының алдында Мырзағали ағай да, Қайрат ағай да бәрімен жұмыс жасадық. Бәрінің жаттығуы өзгеше, әр түрлі. Жарысқа дайындықтары басқаша. Бірақ бәрінікі ұнайды. Біздің ол кісілерден алатынымыз көп. 2019 жылы да көргем Мырзағали ағайдың тренировкасын.

2013 жылы Әлем және Азия чемпионы атанған, әуесқой бокс тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мерей Ақшалов та Мырзағали Айтжановтың біліктілігіне күмән келтірмейді.

Мерей Ақшалов, ҚР бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы:

- Мырзағали Айтжанов өте білікті маман. Кезінде біз де сол кісінің қол астында жаттықтық. Өзінің бір ұстанымы бар кісі. Стратег. Алысқа қарайды. Болашақты ойлап жұмыс істейтін кісі.

4 жылда бір өтетін Олимпиада әлемімен етене таныс маман 2024 жылы Париждегі кешенді сынға дайындықты бастап кетті. Ойындарға жолдама алу үшін іріктеу жарыстарында жоғары нәтиже көрсету қажет.

Маратбек Мықтыбеков, Қазақстан Бокс федерациясының атқарушы директоры:

- Ертең өтейін деп жатқан Әлем чемпионатында бірінші орын алған спортшыға 200 мың доллар сыйақы берілсе, Қазақстандық бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев атынан тағы 100 мың доллар сыйақы бөлініп отыр. Мың да бір рахмет. Спорт дирекциясына. Өйткені біздің қыздарымыздың көрсетіп жатқан нәтижесі өте жоғары. Соны бағалап, кешегі Азия чемпионатында жақсы өнер көрсеткен боксшы-қыздарымыздың айлығын көтерді.

Айта кеткен жөн, мамыр айында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін Әлем біріншілігіне 25 спортшы барады. Оның ішінде 12 қыз бар. Жалпы ұлттық құрамаға 52 боксшы мүше.