Лейк-Плэсид Универсиадасының кезекті жарыс күні Қазақстан қоржынына 2 күміс, 1 қола медаль түсті

Шаңғыдан эстафеталық жарыста Қазақстан қыздар құрамасы үздік үштіктен көрінсе, шорт-трек шеберлері мен қанатты шаңғышыларымыз күміс жүлде иеленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары шаңғышыларымыздың нәтижесі көңіл қуантпай жүргені жасырын емес. Бейжің олимпиадасынан кейін біраз өзгеріс барын байқадық. Ұлттық құрама тізгінін ұстаған Каникамал Дүйсенова шау тартқандарды шығарып салып, жастарға мүмкіндік беріпті. Солардың біразын Универсиадаға жіберген екен, аяқ алыстары жаман емес. Ең бастысы, командада ауызбіршілік бар. Сол бірліктің арқасында бүгін қыздарымыз қола жүлдеге қол жеткізді.

Ксения Шалыгина, Универсиаданың қола жүлдегері:

- Бірінші аса қатты күш жұмсамадым, себебі бәрі соңғы айналымда шешіледі. Сондықтан соңғы айналымда шабуылға кірістім, екі асудан кейін, ең үлкен биіктікте алдыңғыларды қуып жетуге күшім жететінін түсіндім.  Жаттықтырушыларды айналып өтуге кеңес берді. Ал соңғы асуда аздап күшім жетпей қалды. Жалпы алғанда жарысқа көңілім толды.

Эстафеталық жарыста әр спортшының өз міндеті бар. Әсіресе жарысты бастайтын шаңғышыға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сол жауапкершілікті Айша Рақышева сезіне білді.

Айша Рақышева, Универсиаданың қола жүлдегері:

- Бүгінгі жарыс ауыр болды, барлығымыз бар күшімізді салдық командадағы тренер смайшиктерге үлкен алғысымды білдіремін, шаңғыны өте жақсы жасады, командадағы қыздарға, Ксения Шалыгинаға, әсіресе Стпепашко Надеждаға үлкен алғысымды білдіремін. Бәріміз команда болып қолдан келгенше жұмыс жасадық деп ойлаймын.

Қыздар жүлде алған соң жігіттер де намысқа тырысты. Еуропа мықтыларымен иық тірестіру үшін Ернұр Бексұлтандар әлі көп тер төгу керектігін түсінді. Қазақстан құрамасы мәре сызығын 7-ші болып кесті. Енді ерлер 30 шақырымдық масстартта бақ сынап көреді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Сәттілік серік болып, шорт-трек шеберлеріне командалық аралас эстафетада күміс медаль бұйырды. Жартылай финалдан кейін жүлделі орыннан үміт үзгенбіз. Өйткені финалға Оңтүстік Корея бастаған кіл мықтылар шығып, біздер Б тобында қалып қойдық. Бақ жанса, бәрі әп сәтте екен. Финалда командалар бірінің артынан бірі құлап, Қазақстан құрамасы күтпеген жерден күміс жүлдегер атанды. Одан кейін Лейк-Плэсидтегі трамплинге тарттық. Әдетте жүлденің ауылынан алыс жүретін қанатты шаңғышыларымызға осы жолы қайран қалдық. Бүгінде топ жаратын тамаша мүмкіндіктері болған. Тек соңғы сәтте ғана Австрияны алға жіберіп, Данил Васильев пен Сергей Ткаченко командалық сайыстың күміс жүлдесін қанжығаға байлады.

Данил Васильев, Универсиада чемпионы:

- Мен барлығын жеке старттағыдай ретімен жасадым, алға қойған мақсат пен тапсырмаларды ойдағыдай орындадым. Мүмкін ауа райына байланысты шығар, осы жолы жарысымыз сәтсіз болды.

Осылайша жұма күнгі жарыста жерлестеріміз олжалы болды. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен жалпы командалық есепте үздік ондықта келеді.

Авторы: Жандос Айтбайұлы.