Ақтауда самбодан Қазақстан чемпионаты басталды

Ақтауда самбодан Қазақстан чемпионаты басталды

Ақтауда спорттық және жауынгерлік самбодан ішкі біріншілік басталды. Жастар арасындағы байрақты бәсекеге барлық өңірден 20 команда жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, бас-аяғы 500-ге жуық спортшы өзара мықтыны анықтайды және бұл өзіндік рекорд, - дейді ұйымдастырушылар. 16-18 жастағы ұлдар мен қыздар 24 салмақта сынға түседі. Нәтижесінде ерекше көзге түскендері ұлттық құрамаға алынып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындыққа кіріседі. Әсіресе биыл өтетін Әлем және Азия чемпионаттарында өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ самбодан Қазақстан Республикасының спорт шебері деген атаққа ие болады. «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан жарыс 21 ақпанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, жауынгерлік самбо бойынша Қазақстан чемпионаты алғаш рет өткізіліп отыр.

Ғизат Бектұрғанов, жарыс жеңімпазы:

- 53 келі салмақта чемпион атандым. Бүгінгі жарыс мен үшін өте жоғары деңгейде өтті. 5 палуанмен күрестім. Ең жоғары деңгейдегі жарысым – осы. Қазір спорт шеберіне үміткермін дзюдо күресінен. Самбо күресінен де.

Манарбек Бисекенов, ҚР Самбо федерациясының бірінші вице-президенті:

- Осы жарыста ұтқан спортшыларымыз Алматыда өтетін Азия чемпионатында бақ сынайтын болады және Қырғызстанда әлем чемпионатында бақ сынайды. Федерация тарапынан үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Қазақстанда тұңғыш рет Азия чемпионатын Алматы қаласында ұйымдастырамыз. Одан бөлек, көз жанары нашар, құлағы нашар еститін ересектердің арасында Азия чемпионаты болады. Бұл – Азия құрлығында бірінші рет өтетін жарыс.