loader

Игорь Сон допингпен ұсталды

Игорь Сон допингпен ұсталды

Отандық ауыр атлетикада кезекті рет тыйым салынған препараттарға қатысты дау шықты.

Бұл жолы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сонның сынамасынан метастерон табылды. Бұл анаболикалық стероидтердің бірі саналады және айта кету керек, отандасымыз алғаш рет бұндай жағдайға тап болып тұрған жоқ. 2015 жылғы Әлем чемпионатында да допингпен ұсталып, ескерту алған болатын. Ал бұл жолы 8 жылға спорттық жарыстардан шеттетілді. Осыған қоса, жазғы ойындардан алған медалін қайтаруы керек. Өйткені Халықаралық Олимпиада комитетінің ережесіне сәйкес егер спортшы допингке қатысты ережені қайталап бұзса, жүлдесінен айырылады. Еске сала кетейік, Игорь Сон 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола жүлдегер атанған болатын. Былтыр дәл осылай тағы бір жерлесіміз Ниджат Рахимовта допингпен ұсталып, Олимпиадада алған алтынын қайтаруға мәжбүр болды және 8 жылға спорттан шеттетілді. Жалпы 2008 жылдан бері допингпен ұсталған қазақстандық ауыр атлеттердің саны 50-ден асып кетті.

«Ливерпуль»  футбол командасы «Реал Мадрид» командасынан жеңілді

Футболдан УЕФА чемпиондар лигасының плей-оффы жалғасып жатыр және жарыстың кезекті күні жанкүйерлер тағатсыздана күткен матчтардың бірі болды. Англиялық «Ливерпуль» өз алаңында испаниялық «Реал Мадридті» қабылдады. Кездесу дегенмен тартысты басталды және 4-ші минутта-ақ есеп ашылды. Мохамед Салахтың пасын ұтымды пайдаланған Дарвин Нуньес өз командасын алға шығарды. Артынша Салахтың өзі де мергендімен көзге түсіп, таблодағы есепті еселей түсті. Бірақ алаң иелерінің қуанышы көпке созылмады. 21-ші минутта Винисиус Жуниор мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартса, артынша дәл осы Жуниор күтпеген жерден таразы басын теңестіріп кетті. Екінші кезеңде «Реал Мадрид»  ойыншылары қарқынын күшейтіп, қарсыластар қапасына жауапсыз 3 гол соқты. 47-ші минутта Эдер Милитао мүмкіндігін сәтті пайдаланса, артынша Кәрім Бензема дубльдің авторы атанып, қорытынды нәтижені 5:2-ге жеткізді. Енді қос команда 16 наурызда Мадрид қаласында қарымта матч өткізеді. Айта кетейік, осы ойынға параллель чемпиондар лигасы аясында Германияда «Наполи" мен "Айнтрахт" жолығып, алғашқысы 2:0 есебмен жеңіске жетті.

Рыбакина Боузкованы ұтты

Қазақстандық теннисші дәл қазір Біріккен Араб Әмірліктеріндегі рейтингтік турнирге қатысып жатыр және екінші айналымда чехиялық Мария Боузкованы жеңді. Матч жерлесіміздің айқын басымдығымен өтті және 1 сағат 43 минутқа ғана созылды. Қорытынды есеп: 7:5, 6:2. Енді Рыбакина әлемдік рейтингте 6-шы тұрған америкалық Кори Гауффпен жолығып, ширек финал жоламасын сарапқа салады. Кейінгісі соңғы сында Беларусь өкілі Александра Сасновичті жарыс жолынан шығарып тастады. Әйелдер теннисі қауымдастығы бірер күн бұрын әлемдік рейтингті жаңартқан болатын және оған сәйкес Елена Рыбакина жалпы тізімдегі 10-шы орнын сақтап қалды. Егер осы турнирде де топ жаратын болса, қосымша тағы 1000 ұпай алып, 7-ші сатыға көтерілуіне мүмкіндік бар. Дубай қаласындағы жарыс 26 ақпанға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 2 млн 788 мың АҚШ долларын құрайды.

 

Сондай-ақ...