Қос қазақ финалда жолықты

Қос қазақ финалда жолықты

Қос қазақ финалда жолықты. Дәл қазір Мысырдың Александрия қаласында күрес түрлерінен рейтингтік турнир өтіп жатыр.

Халықаралық жарысқа 48 елден 500-ге жуық палуан жиналды. Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінің шеберлері өзара мықтыны анықтады. Әсіресе, 55 келіде қазақстандық Аманғали Бекболатов пен Марлан Мұқашев финалға шығып, ақтық сында Аманғали 6:1 есебімен жеңіске етті. Қола жүлде де қазақ палуанына бұйырды. Үздік үштікті Исхар Құрбаев түйіндеді. Артынша 60 келіге дейінгі салмақта тағы бір қазақстандық Ернар Фидахметов күміс жүлдегер атанды. Ол финалда түркиялық Керем Камалға есе жіберді. Ал 63 келіге дейінгі салмақта тағы қос қазақстандық – Дастан Зарлыханов пен Мұхаммедәлі Мамырбек қола үшін күрескен. Жеңіс Дастанның уысында кетті. Алғашқы жарыс күнінің соңына қарай 67 келіде финалға тағы бір жерлесіміз Мерей Бекенов шығып, ұлттық құрама қоржынына 2-ші алтынды салды. Шешуші айқаста ол грузиялық Джони Хецурианиді ұтты. Ал аса ауыр салмақтағы ел чемпионы Әлімхан Сыздықов қырғызстандық Роман Кимді жеңіп, қола медаль алды. Сонымен, алғашқы жарыс күні жерлестеріміз 7 медаль жеңіп алды. Халықаралық турнир 26-шы ақпанға дейін жалғасады.