Қазалы ауданындағы ат бәйгесі. Тікелей эфир
Қызылорда облысында Отан қорғаушы және Жеңіс күні қарсаңында ат бәйгесі ұйымдастырылды.
Еліміздің әр түпкірінен келген 100 тұлпар қомақты жүлде қорын сарапқа салып жатыр. Қазір ат-шабардан, жергілікті тілшіміз Нұрлан Жақыпбеков тікелей байланыста. Нұрлан дүл-ділдер додасына, қандай жүйріктер қатысып жатыр? Бап пен бақ қатар шабатын бәйгенің барысы қалай?
Қазалы ауданында мерейлі мерекелер аясында ұлттық спортты ұлықтау дәстүрге айналған. Бұл жолғы жарыс Бекарыстан би ауылында өтіп жатыр. Әуелі сайдың тасындай білекті жігіттер аударыспақта күш сынасты. Тақымы тастай, ат құлағында ойнаған 20 палуан бірнеше салмақ категориясы бойынша шеберлік байқасты. Ал ат жарысында үш кезең бойынша - тай, құнан, аламаннан жеңімпаздар анықталады. Сайыпқыран сәйгүліктердің дені Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облысынан қатысуда. Жылқы десе делебесі қозатын жанкүйерлер жердің шалғайлығына қарамастан ауызымен құс тістеген жүйріктерге қиқу қосып, әр сәтті мұқият бақылап отыр. Бәйге тай жарыстан басталды. Бұл сынға 25 арғымақ қатысып жатыр. Арасында бұған дейін де аты әйгіленген жүйріктер бар. Жылқы танитындар қара үзіп келеді ау деген сәйгүліктерді топшалап отыр. Дегенмен, біз қазір көріп тұрғанымыздай шабандоздар алғашқы айналымдарда әзірге үзеңгі қағыстырып келе жатыр. Ал менің жанымда атсейіс Байназар Берекетов тұр. Бүгінгі шараның ерекшелігі “Жабы тай” жарысы деп жатыр екен. Неліктен?
Ауыздығымен алысқан тұлпарлар жарысына 3 миллион 600 мың теңге жүлде қоры тігілді. Желмен жарысқан 100 ге жуық сәйгүліктің бабы сыналды. Атсейістер бәйгенің төрт түріне: Аламан бәйге 24 шақырым, құнан бәйге 12 шақырым, тай бәйге 6 шақырымға ат қосты. Осылайша, Қазалы ауданындағы Жеңіс күні мерекесі ұлттық спорттың ұлықталуымен шырайлана түсті.