Ташкентте топ жарғандар Алматыда молынан марапат алды
Тәшкенде тамаша нәтиже көрсеткен боксшыларды марапаттау жалғасып жатыр.
Дүниежүзілік жарыста ел мерейін асқақтатқан былғары қолғап шеберлеріне қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Бүгін Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Алматыда әлем чемпионатында жүлделі болған жігіттер мен қыздарды және бапкерлер мен ұлттық құраманың басқа да мамандарын марапаттады. Әлем чемпионы атанған жігіттер 100 мың, күміс және қола жүлдегерлер 50 және 30 мың АҚШ долларын алды. Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановқа қаржылай сыйақыдан бөлек федерация басшысы автокөліктің кілтін табыс етті. Сондай-ақ әлем чемпиондарын дүниеге әкелген алтын құрсақты аналарға да 2 миллион теңге сыйақы берілді.
Меңтай Жетпісқызы, Махмұт Сабырханның анасы:
- Бірінші ауданаралық жарыстарға барды. Ауданда, облыста ешқашан екінші орын алған емес. Тек бірінші орын алып келетін. Сол үшін келешегіне сендік. Өзі де сол спортты таңдады. Құдай қаласа сол олимпиада шыңын бағындырсам дейді. Сол арманына жетсін.