Шымкент жастар лигасының жеңімпаздары анықталды

Шымкентте мектеп оқушылары арасында дәстүрге айналған «Шымкент жастар лигасының» жеңімпаздары анықталды.

Жас өрендер тоғыз ай бойы футбол, волейбол, баскетбол, сонымен бірге шахматтан сынға түсті. Финалдық тартысты ойындар қайта жаңғыртылған «Металлург» спорт кешенінде өтті.

Жастар лигасындағы ең тартысты, әрі қызықты финал футболда өтті. Мұнда №47 мектеп-гимназиясы мен 80-мектеп оқушылары кездесті. Ойын барысында гимназия оқушылары қарсылас қақпаға жауапсыз екі доп соғып жеңіске жетті. 

Мектепішілік үйірмелер оқушылардың оза шабуына көп пайдасын тигізді. Футбол чемпиондары осылай дейді. 

Нұран Балжан, №47 мектеп-гимназиясының капитаны:

- Былтыр үшінші орын алып қалдық. Одан кейін жаттығу істеп жәй-жәй мақсатымызға жетіп отырмыз. Қарсыластарымызбен өте тартысты ойын болды. Оларға да рақмет айтамыз. Жақсы ойнады оларда.

Спорттық шара биыл үшінші рет жалауын көтеріп, бұқаралық сипат алды. Оқушылар арасында салауатты өмір салтын мейлінше насихаттап, кәсіби спортқа баулыды. Қала бойынша барлығы 151 мектептен 500 команда жасақталды. 6 мыңға жуық оқушы қатысты.

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

- Әр мектептерде осы спорт түрлеріне әдейі дайындайтын футболдан, баскетболдан, волейболдан немесе шахматтан жақсы бапкерлерді алып, дайындалған. Сондай серпіліс беріп жатыр. 

Салтанатты шарада жеңімпаз командалар құрмет бигінен көрінді. Оларды қала әкімі марапаттады. Әр спорт түрінен үздік шыққандарға 20 миллион теңгенің шағын автобусы берілді. 

«Шымкент жастар лигасы» келер жылы да жалғасын табады. Жоба мегаполис кәсіпкерлерінің демеушілігімен ұйымдастырылады.   

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов