Қазақстандық теннисшілер Ролан Гаррос турнирінен 234 миллион теңге табыс тапты

Қазақстандық теннисшілер Ролан Гаррос турнирінен 234 миллион теңге табыс тапты

485 мың еуро.

Қазақстандық теннисшілер Ролан Гаррос турнирінен осынша табыс тапты. Париж қаласындағы байрақты бәсеке әлі жалғасып жатыр. Бірақ қазірдің өзінде отандық спортшылар алатын сыйақы көлемі белгілі. Ең жоғары көрсеткіш Юлия Путинцеваға тиесілі. Ол 150 мың еуро еншіледі. Өйткені Юлия жекелей сында үшінші айналымға дейін жетті. Ал жұптық сында ресейлік Камилла Рахимовамен бірге алғашқы айналымнан аса алмады. Елена Рыбакина болса, 142 мың еуроны қалтасына басады. Ол да барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, үшінші айналымға дейін жеткен. Кейін сырқаттанып қалуына байланысты жарыс жолынан шығуға мәжбүр болды. Ерлер арасында қазақстандық Александр Бублик 77 мың, Тимофей Скатов 69 мың, ал Александр Недовесов пен Андрей Голубев, сәйкесінше, 21 және 8 мың еуродан алады. Бұған қоса, Анна Данилинаға 16 мың еуро тапқаны белгілі болды. Жерлестеріміздің жалпы табысын теңге шаққанда 234 миллион теңгені құрайды. Ролан Гаррос турнирі теннис бойынша жылдың басты бәсекелерінің бірі және ол 12-ші маусымға дейін жалғасады. Әлемдік алманның жалпы жүлде қоры 46 миллион 600 мың еуроны құрайды.