Көкшетауда жамбы ату мен теңге ілуден ел чемпионаты өтіп жатыр
Жарысқа әр аймақтан 200-ден астам спортшы келген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Республикалық бәсеке осымен екінші жыл қатарынан Көкшетауда ұйымдастырылып отыр. Еліміздің әр түкпірінен жиналған 200-ден астам қатысушы 2 күн ішінде өзара мықтыны анықтайды. Жалпы биыл жамбы ату мен теңге ілудің өту ережелеріне жаңашылдықтар еңгізілген. Мәселен, жамбы ату тек қазақ стилінде емес, сонымен қатар түрік және корей стильдерінде өтіп жатыр. Теңге ілуде де осындай өзгерістер бар.
Айбек Түркебай, «Теңге ілу» федерациясының атқарушы директоры:
- Бұрында осы классикалық түрде тек 5 теңге ілетін болса, оны қазір бір 3 стильге өзгерттік. Біріншісі, бес белес, жеті құт және қос құлаш деген стиль қосып отырмыз. Яғни, әр стиль бойынша чемпиондар анықталып жатыр.
Жарысқа әр қатысушы ерекше дайындықпен келген. Жеңіске деген құлшыныстары да зор. Жүйріктерін де мықтап жаратқан. Себебі қос сайыста да тұлпарың бабында болмаса, жеңістің ауылы алыс қалады, - дейді қатысушылар.
Ғалымжан Есжанов, жарысқа қатысушы:
- Теңге ілуді меңгеру үшін өте көп уақыт керек. Мысалға, мына атпен қатысып жүргеніме 8 жыл болды. Кей жарыстың бірінші немесе екінші кезеңінде қателік кетеді. Не адамнан, не аттан болады ғой. Біздегі бар қиындық, бір еңкейгенде іліктірдің, ілікпесе, көкпар сияқты қайтып шауып келе алмайсың. 16 секунд береді, сол уақытта шауып өтсең – өтесің, өтпесең, келер жылға қаласың.
Байрақты бәсекені тамашалауға келген халықтың қарасы қалың. Тіпті олардың қатарында осы спорттың тұрақты көрерменіне айналып, жылда қалдырмай көретіндері баршылық.
Әлімжан Молдағали, көрермен:
- Біз жыл сайын келеміз, бала-шағамызбен келеміз. Жолдастарымызды да ала келеміз. Қазақтың иісін шығаратын спорт түрлерінің бірі ғой. Жанымызға жақын осындай қазақтың спорты өтсе, біз әрқашан тілекшіміз.
Биылғы жарыстың жүлде қоры қомақты. Қос спорттың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына 7 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ биыл елімізде жамбы ату мен теңге ілуден Қазақстан кубогі мен халықаралық көшпенділер ойыны өтеді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка.