Нұрлан Исатаев – әлем чемпионы

Нұрлан Исатаев – әлем чемпионы

Хорватияның Загреб қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс жерлестеріміз үшін сәтті басталды.

Алғашқы күні-ақ 3 спортшымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе, 55 келіде белдескен Нұрлан Исатаев іріктеу сындарында Түркіменстан, Армения және АҚШ дзюдошыларын айқын басымдықпен ұтты. Ал жартылай финалда тағы бір қазақстандық Оралбек Байзақпен жолықты. Нәтижесінде Нұрлан финалға шығып, ақтық сында грузиялық Мераби Самадашвилимен кездесті. Белдесу аса тартысты өтті және негізгі уақытта тараптар өзара мықытыны анықтай алмады. Қосымша уақытта отандасымыз ұтымды әдіс қолданып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды.

Жоғарыда сөз болған Оралбек Байзақ та жүлдеге ілікті. Ол осы салмақта үздік үштікті түйіндеп, қола медаль еншіледі.

Бұған қоса, қыздар арасында Сабина Юлдашбекова да өте жақсы өнер көрсетті. 40 келіге дейінгілер арасында күрескен қазақ қызы финалға дейін жетіп, соңғы сында ғана қарсыласына есе жіберді.

Осылайша 1 алтын, 1 күміс және 1 қола еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді. Загреб қаласындағы әлем чемпионаты 27 тамызға дейін жалғасады.