Дэвис Кубогы: Қазақстан теннисшілері алға шықты
Теннистен Қазақстан ерлер командасы "Дэвис Кубогының" алғашқы ойын күні Болгариялық қарсыластарынан басым түсті.
Жекелей сындағы екі кездесу де біздің жігіттердің пайдасына аяқталды.
Қазақстан мен Болгария құрамасы кортта алғаш рет кездесіп тұр. Қарсыластар бір-бірін зерттеп үлгермеген. Сол себепті болар, ойын үш сағатқа созылды. Алғашқы матчта алаңға отандасымыз Тимофей Скатов пен Димитар Кузманов шықты. Шыны керек, оңай болған жоқ. Қос елдің мақтаныштары намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірінші сетте Тимофей Скатов 3:6 есебімен есе жіберді. Бұл ойыншымызды қайрай түскен сияқты. Ол келесі екі ойында 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Тимофей Скатов, теннистен Қазақстан құрамасының ойыншысы:
- Маған Қазақстаннан арнайы келген жанкүйерлердің қолдауы қиын сәтте көмектесті. Бұл қарсыласыма да салмақ салған сыңайлы. Күрделі де қызықты ойын болды.
Еліміздің бірінші ракеткасы АлексАндр БУблик пен Болгарияның екінші ойыншысы Янаки Милевтің ойыны көрерменді қатты толқытты. Қарсыластар алғашқы матчта бір-біріне есе жібермеуге тырысты. Дегенмен, біздің ойыншымыздың жолы болып, ұпайы басым түсті. Ол 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Александр Бублик, теннистен Қазақстан құрамасының ойыншысы:
- Алғашқы кезең қиындау болды. Қарсыласыма үйренісу үшін біраз тер төгуге тура келді. Есеп теңестірдік, бірақ кейінгі ойындарда мен ұпай еселедім.
Болгарияны басып озу үшін, ел спортшылары тағы бір жеңісті матч өткізуі керек. Ойын қарсылас құрамалардың бірі үш рет жеңгенше жалғасады. Спорт сарапшылары Андрей Голубев пен Александр Недовесовке үлкен үміт артып отыр. Олардың ойынын бүгін Астана уақытымен 14.00-де тамашалауға болады.
Авторы: Мерей Мұратханқызы