«Шахмат керуені» Қарағандыға жетті

Бұған дейін Көкшетау, Петропавл, Қостанай қалаларында болған.

Сапар 10 қараша күні Түркістан қаласында мәресіне жетеді. Үкімет шілде айында Қазақстанда шахмат ойынын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Яғни, осы аралықта бастауыш сынып оқушыларының кем дегенде 20 пайызын зияткерлік ойынға баулу міндеті тұр. Керуеннің мақсаты - шахматты жастар арасына кеңінен насихаттау. Ол үшін елдің барлық аймағында шахмат федерациясының филиалы ашылады. Бүгін Қарағанды бөлімшесі іске қосылды. Қазір республикада 7 мың шахмат үйірмесі бар, оған 253 мың адам тұрақты түрде келеді. Федерация өкілдерінің айтуынша, қазірдің өзінде қазақстандық ойыншылардың біразы әлемдік додаларда топ жарып жүр.

Марат Есенов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті:

- Қазақстан шахмат федерациясының жұмысы өте жақсы дамып келе жатыр. Үлкен халықаралық деңгейде жарыстар өтіп жатыр. Ең үлкен жетістігімізді айтуға болады, біздің қыздарымыз Польшада өткен командалық чемпионатта екінші орынға ие болды. Бұл өзіміздің Егемендік алғалы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі деп есептейміз.