Мейірім Нұрсұлтанов Ташкентте жұдырықтасады
Мейірім тура бір айдан кейін Ташкентте жұдырықтасады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстандық кәсіпқой боксшының кезекті кездесуіне қатысты ақпараттар жарияланды. Оған сәйкес Мейірім Нұрсұлтанов қарашаның 17-сінде шаршы алаңға шығады. Ол Ташкенттегі WBC конвенциясы аясында «Хума Аренада» болатын бокс кешіне қатысады. Ал кезекті қарсыласына қатысты әзірге мәлімет жоқ. Белгілісі, келесі кездесу орта салмақта WBC Middleweight Elimination деңгейінде өтеді. Яғни, кездесудің жеңімпазы WBC чемпионына міндетті қарсылас атанады. Жекпе-жектің өзі 12 раундқа есептелген. Қазақ боксшысы қазір кешенді дайындыққа кірісті. Жаттығуды Ақтауда пысықтап жатыр.
Мейірім ең соңғы рет биыл сәуір айында шаршы алаңға шығып, жапониялық Кадзуто Такесаконы жеңген еді. Осының арқасында WBO International белдігін қорғап қалды. Жалпы алар болсақ, ол бүгінге дейін 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Тіпті 11-ін мерзімінен бұрын аяқтады.