Астанада бокстан Азия чемпионаты басталды

Астанада бокстан Азия чемпионаты басталды

Азия үздіктері Астанаға жиналды.

Бұнда бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы құрлықтық дода өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 23 мемлекеттен 500-ге жуық қатысушы келді. Бұл өзіндік рекорд. Жарыс олимпиадалық жүйе бойынша болады. Яғни 13 салмақтағы мықтылар анықталады. Жастар арасындағы чемпионатта 17-18 жастағы, жасөспірімдер арасындағы бәсекеде 15-16 жастағы өрендер бақ сынайды. Күні кеше жарыстың ресми ашылу салтанаты өтті. Оған отандық спорттың басы-қасындағы мамандармен қатар Халықаралық бокс федерациясының президенті Умар Кремлев және оның орынбасары Абдулмуталим Абакаров арнайы келді. Қазақстандық тарап мәртебелі меймандарға шапан жауып, ерекше құрмет көрсетті. Кездесу барысында отандық бокстың әлеуетіне қатысты мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты. Оны жүйелі дамытуға қатысты тетіктерді сөз қылды.

Абдулмуталим Абакаров, халықаралық бокс федерациясының вице-президенті:

- Астанада бокс мерекесі болып жатыр. Иә, Азия чемпионатына осындай баға берер едім. Өйткені 500-ге жуық өрен жиналды. Олардың арасында небір мықтылар бар. Жас спортшылардың қарымын байқап, болашаққа жол ашатын керемет мүмкіндік. Ұйымдастыру деңгей өте жоғары. Қазақстан қай кезде де бокс бәсекелерін жақсы өткізеді. Бұған қоса осы елден шыққан былғары қолғап шеберлері ерекше талантымен тәнті етеді. 

Ханчжоудағы Пара Азия ойындары

Жалпы есепте 8-ші тұрмыз. Қытайдың Ханчжоу қаласында пара Азия ойындары жалғасып жатыр. Байрақты бәсекеде ел намысын 131 спортшымыз қорғайды. Олар алғашқы күні 8 мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, қоржынымызға 8 медаль салды. Оның 2-еуі алтын. Атап айтқанда, пара дзюдода Ақмарал Науатбек, ал парапауэрлифтингте Давид Дегтярев топ жарды. Енді қазір кезекті, яғни, екінші жарыс күні өтіп жатыр. Бүгін қазақстандық қыз-жігіттер пара таэкывондо, пара үстел теннисі,  пара садақ ату, пара жеңіл атлетика, пара ескек есу және бочча мен шахмат бағыттарында медальға қол созып көреді. Бұған қоса жоғарыда сөз болған пара дзюдо мен пара пауэрлифтингте де кезекті медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Сәйкесінше, жеңіс жолы жалғасады деген үміт бар. Жалпы биыл ұлттық командамыз кемі  6 алтын жүлде жеңіп алуды жоспарлап отыр. Ханчжоу қаласындағы құрлықтық дода 29-шы қазанға дейін жалғасады. Оның жалпы қорытындысы да сол кезде белгілі болады.

Талғат Ерекеев, Қазақстан ұлттық командасының мүшесі:

- Алғашқы кездесуді сәтті өткіздім. Енді алдағы ойындарға дұрыстап дайындалып, топтан шығуға тырысамын. Азия ойындарына кіл мықтылар жиналады. Бәсекелекстік деңгейі жоғары. Соған қарамастан барымызды салып, тегеурінді қарсылық танытып жатырмыз. Басты мақсат жүлдеге, оның ішінде алтын жүлдеге қол созып, ел абыройын асқақтату. Көк туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқату.

Республика күніне арналған велошеру

Осы аптада Қазақстан және Түркия елдері ерекше мерекені атап өтеді. Осы орайда астаналық веломарафоншы Ернат Мелсұлы 100 шақырым аралықты жүріп өтіп, ерекше тарту жасады. Велошеру Түркия елшілігінен басталады. Әрі қарай Республика даңғылымен жүріп, Алаш тас жолы арқылы айналма жолға шықты. Сөйтіп, Астананы толықтай бір айналып, Ататүрік ескерткішінің алдында аяқтады. Осы арқылы айтулы мерекенің мәні мен мағынасын насихаттап, қос елдің ынтымақтастығына ерекше екпін жасағым келеді дейді Ернат Мелсұлы. Веломарафонға қатысты ақпараттар халықаралық деңгейде сертификатталған Strava ұялы қосымшасында тіркеліп, нәтижесі ашық жарияланды. Айта кетейік, осыдан тура бір жыл бұрын Ернат велосипедпен Астана мен Ыстамбұл аралығын жүріп өткен еді. Ол 55 күнде 5555 шақырымды бағындырды.