Астанада бокстан Азия чемпионаты мәресіне жетті
Қоржынымызда 41 медаль.
Оның 15-і – алтын. Астанада бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Биылғы байрақты бәсекеге 23 мемлекеттен 500-ге жуық қатысушы келді. Бұл – өзіндік рекорд. Оның қорытындысы бойынша қазақстандық ұл-қыздар 41 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе жастар арасында Элянұр Тұрғанова, Ұлжан Сәрсенбек, Әсем Таңатар, Бақыт Сейдіш, Шұғыла Нәлібай, ал ұлдар арасында Бахтияр Анарбаев, Ислам Советов, Иван Ермоленко және Төрехан Сабырхан қарсылас шақ келтірмеді.
Айта кету керек, Төрехан жарыс қорытындысы бойынша жастар арасында Азия чемпионатының ең үздік боксшысы атанды. Ал жасөспірімдер арасындағы дәл осындай атақ тағы бір қазақстандық Аяжан Сыдыққа бұйырды. Жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз 2-ші орынға тұрақтады. Топ басында Үндістаннан келген команда болса, көрші өзбек елінің өкілдері үздік үштікті түйіндеді.