Астанада бокстан Қазақстан спартакиадасы жалғасып жатыр
Кәсіпқой бокстан оралғандар жеңіске жетті.
Астанада былғары қолғап шеберлері арасындағы Қазақстан спартакиадасы жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні аса тартысты өтті. Әсіресе, 80 келіде кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүрген Бекзат Нұрдәулетов пен Құлахмет Тұрсынбай шаршы алаңға шығып, алғашқы қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Орта салмақтағы бәсекелестік те күшейіп келеді. Мәселен, фаворит саналған Санатәлі Төлтаев пен Васлий Самчук күтпеген жерден есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Ал Дулат Бекбауов, Серік Теміржанов, Мұхамедсабыр Базарбайұлы сияқты жігіттер өз мықтылығын тағы да дәлелдеді. Енді көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген Санжар Тәшкенбай, Сәкен Бибосынов және Махмұд Сабырхандар жарысқа араласа бастайды. Жалпы ел спартакиадасына әр аймақ ең үздік боксшылары жиналды. Өйткені, осы жарыс қорытындысы бойынша ұлттық командамыз жасақталады және олар алдағы лицензиялық турнирлерге қатысады. Яғни, жігіттер үшін Париж олимпиадасына жол ашатын негізгі бәсеке саналады.