Қазақстандық офицер мергендер жарысында топ жарды

Мұхиттың арғы жағынан жеткен бір жаңалық. Мергендер жарысында жерлесіміз Бекзат Стамкулов топ жарды.

Қаруды көп ұстайтын америкалықтар арасында жиылған жұртты таңдай қақтырған жеңімпаз жайында тілшіміз баяндасын. 

Санаулы секундтарда бірнеше нысанға жүгірген бойда дөп тигізу керек. Әбден машықтанбаса, екінің бірінің қолынан келмейтін шеберлік. Әскери қызметте әбден ысылған Бекзат шапшаң қимылдап, дәл тигізіп жатты. 

Бұл жарыста әркім өзі қалаған санат бойынша сынға түседі. Бекзат Стамкулов соның ішіндегі ең қиынын таңдаған. Оның қолданған тапаншасы мейілінше қарапайым. Көздеу оптикасы немесе кері жұлқылу екпінін басатын құрылғысы жоқ. Бұл – полиция мен жауынгерлерге берілетін қару. 30 метрге дейін қашықтықта орналасқан нысаналарға дәл тигізу керек.

Бекзат Стамкулов, Қазақстан Қарулы Күштерінің запастағы офицері:

- Бала кезімізден боевиктарды көріп өстік. Сол себептен әскерде 10 жылдай қызмет атқардым. Сол жерде атуды үйрендім. Осы жерде жоғары деңдейде жарыс болып жатыр. Қазақстан дамып келе жатыр. Болашақта елдің осындай жарыстарда желбіретеміз деп ойлаймыз.

Әскери тактикалық атыс деп аталатын бұл жарыс түрі шынайы өмірге мейілінше жақындатылған. Көбірек ұпай жинау үшін шапшаң әрі жанды жерге тигізу керек. Ашық турнир болған соң кез келген адам қатыса алады. Сондықтан мергендердің арасында әуесқойлар да, кәсіби мамандар да бар. Бірі жартылай автоматты қолданса, енді бірі нысанаға автоматпен оқ жаудырып жатыр. 

Бекзат Стамкулов, Қазақстан Қарулы Күштерінің запастағы офицері:

- Қазақстанда мұндай жоғары деңгей тек қана әскери қызметкерлерде. Жай адамдар қаруды қолдануды мүлдем білмейді. Бұл жерде әскерилер де, полиция да, қарапайым адамдар да өте керемет қолданады.

АҚШ – әлемдегі ең қаруланған ел. Сондықтан бұл спорт түрі мұнда жақсы дамыған. Әрі ең мықты мергендер де осында. Ал Бекзат Стамкулов қазақтардың да қара жаяу емесін дәлелдеді. Жарыста 2 түрлі санат бойынша бірінші және үшінші орындарды жеңіп алды.

Авторы: Айжан Сыдықова.