Қазақстан футзалдан әлем чемпионатына жолдама алды
Сүйінші! Қазақстан футзалдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында біздің құрама Нидерланд командасын 2:0 есебімен ұтты. Элиталық іріктеу кезеңі аясындағы бұл ойынды тамашалауға спорт сарайына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барды. Президентпен бірге Ұлттық құрамаға кәсіпқой бокстан WBO, IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев және қақпашы Игорь Шацкий қолдау білдірді.
Есепті бірінші таймның басында Біржан Оразов ашты. Артынша Нидерланд қақпасына екінші голды Жуниор Дуглас соқты. Осылайша Қазақстан өз тобында бірінші болып, жаһандық доданың финалдық кезеңіне тікелей жолдама алды. Әлем чемпионаты келесі жылдың 14-ші қыркүйегі мен 6-шы қазаны аралығында Ташкентте өтеді. Біздің құрама іріктеу кезеңінде Румыния, Әзербайжан және Нидерланд командаларымен бірге А тобына түскен еді. Жігіттеріміз осы кезге дейінгі ойынның бәрінде жеңіске жетті. Қазақстан құрамасы Еуропа рейтингінде – 4-ші, ал әлем рейтингінде – 7-ші орында тұр. Жекпе-жек сарайында Мемлекет басшысымен бірге матчты тамашалаған Жәнібек Әлімханұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бокс қолғабын сыйға тартты.