Футзал: Қазақстан әлем чемпионатына жолдама алды

Әлем чемпионатына жолдама алдық. Қазақстан футзалдан келесі жылы Өзбекстанда өтетін дүниежүзілік додаға қатысады.

Іріктеу кезеңі аясында Қазақстан және Нидерланд құрамалары жолықты. Матч 2:0 есебімен аяқталды. Алғашқы минутта Біржан Оразов есеп ашты. Араға аз уақыт салып, Дуглас, Жуниор таблодағы нәтижені еселеді. Осы көрсеткіш ойын соңына дейін сақталды. Қазақстан «А» тобындағы бірінші орнын сақтап, әлем чемпионатының жолдамасын жеңіп алды.

Рикардо Кака баптайтын жігіттер топтық кезеңде тағы бір кездесу өткізеді. Желтоқсанның соңына қарай Бухарест қаласында Румыния құрамасымен жолығады. Бірақ оның қорытындысы жалпы нәтижеге әсер етпейді. Ал топтық кезеңде екінші орын алған командаларға қосымша мүмкіндік беріледі. Әлем чемпионаты алдағы жылы қыркүйек және қазан айларында Ташкент қаласында болады.

Рикардо Кака, футзалдан ұлттық команданың бас бапкері:

- Бүгін тағы бірнеше гол соғатын мүмкіндік болды. Бірақ оны жүзеге асыра алмадық. Сондықтан осы олқылықты ескеріп, алдағы уақытта түзету керек. Ал жалпы алар болсақ, жігіттер өте жақсы өнер көрсетті. Жауапкершілікті сезінді және үмітті ақтады. Тапсырманы толықтай орындады. Сол үшін алғыс айтқым келеді. Әлем чемпионатына шыққанымызға қуаныштымын. Енді алдағы 7-8 ай соған тыңғылықты дайындаламыз.

Әлем чемпионатына шыққанымыз алаңдағы ойыншылардан бөлек, алаң сыртындағы жанкүйерлердің де арқасы. Айта кету керек, ұлттық командамызды қолдауға қалың көреремен жиналды. Әсіресе жуырда ғана құрылған жанкүйерлер одағының өкілдері игі бастамаларды қолға алып, көпшілікке үлгі көрсетті. Мәселен, олар жанкүйерлер отырған жердегі қоқыстарды матчтан кейін тазалап кетті. Белсенді жастар алдағы уақытта да елімізде жанкүйерлердің мәдениетін қалыптастыруға қатысты бірақатар бастаманы қолға алмақ.  

Дарын Олжабай, жанкүйер:

- Матчтан кейін, әдемі эмоциядан кейін өзіміздің қалдықтарымызды, қоқыстарымызды өзімізбен бірге алып, тазалап, адамдардан қалып кеткен қоқыстарды да тазалап, әрқашан осылай жастармен бірге бір толқында бәріміз күліп-ойнап, осындай тазалық акциясын жүргіземіз.