Гүржі күресіне қазақ балуандары қатысты

Грузияда алғаш рет гүржі күресінен халықаралық чемпионат өткен еді.

Соны біздің тлішіміз де көріп келді..

Чидаоба – Грузияның ұлттық күрес түрі. Гүржі тілінен аударғанда «хайуанмен күрес» деген мағынаны білдіреді. Ежелден бұл спорт ақсүйек жауынгерлерді даярлауға қолданылған. Ал 2018 жылы ЮНЕСКО ұйымы грузин балуандарының жекпе-жегін мәдени мұра тізіміне енгізді. Биыл алғаш рет спорттың бұл түрінен халықаралық чемпионат өтті.

Джемал Цулукидзе, грузин жекпе-жегі бойынша федерация президенті:

- Бүгін еліміздің спорт тарихында алғаш рет чемпионат өтіп жатыр. Спорттық сайыста 15 елден 100-ге жуық балуан бақ сынап жатыр. Додаға қатысып, спорт түрін қолдап келген барлық қатысушыларға алғысым шексіз. 

Грузин күресі қарсыласын аяқтан шалу, жамбасқа лақтыру, жылдам қарқынмен күресу сынды техникалармен ерекшеленеді. Талап бойынша шаршы алаңдағы спортшы құлаған қарсыласын күтпеуге тиіс. Қазақстандық Нұрбек Қуанышұлы чидаоба жайлы әлеуметтік желіден танып білген. Қазір гүржі жекпе-жегімен шұғылданып жүргеніне жарты жылға жуықтапты.

Нұрбек Қуанышұлы, халықаралық чемпионатқа қатысушы:

- Мен бұл спорт түрін YouTube-тан үйрендім. Физикалық тұрғыда өте пайдалы спорт. Өзіндік техникалары көбінесе самбо, дзюдо, қазақ күресіне ұқсайды.

Спорттық сайыс 8 сағатқа созылды. Бәйге кезінде дудуки үрмелі аспабымен әуендер орындалып, гүржілердің ұлттық дәстүрі де дәріптелді. Ал дода нәтижесі бойынша жүлделі орындарға грузин балуандары лайық деп танылды.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Юлия Тужилкина.