Бокс турнирі: қазақстандықтар жалпы есепте бірінші орынға жайғасты

Қарағанды қаласында бокстан КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті.

Осымен 39-шы рет ұйымдастырылған байрақты бәсекеге Куба, Марокко, Ресей, Түркия, Ирак және Өзбекстанның өкілдері келді. Бұған қоса өзіміздің қыз-жігіттер де бар. Әйелдер арасындағы сында 5 салмақ болды және Назым Қызайбай, Римма Волосенко, Әнел Сақыш, Валентина Хальзова сияқты ұлттық командамыздың өкілдері бас жүлдені жеңіп алды. Тек 66 келіде қазақстандық Наталья Богданова финалда түркиялық Сурменали Бусеназға есе жіберді.

Ал ерлер арасындағы бәсеке тіптен тарысқа толы болды. Жеңіл салмақта Теміртас Жүсіпов, орта салмақтарда Оразбек Асылқұлов пен Талғат Сырымбет, ал ауыр салмақта Сағындық Тоғамбай сияқты танымал боксшыларымыз алтынға қол созды. Жалпы 13 салмақ дәрежесінің 8-інде қазақ жігіттері топ жарды. Осының арқасында командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Екінші сатыда Куба құрамасы болса, Мароккодан келген жігіттер үздік үштікті түйіндеді.