Ұлттық құрама жасақталды, ал Елеусінов енді не істейді?

Қысқы олимпиадаға қызу дайындық басталды. Бірер аптадан кейін Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода басталады.

Бұл – 2024 жылдың алғашқы ірі жарысы саналады. Міне, осы байрақты бәсекеге жерлестеріміз қазірден дайындалып жатыр.

Қазақстандық қыз-жігіттер бүгінге дейін 30 жолдама жеңіп алды.

Атап айтқанда, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек, шайбалы хоккей және шаңғымен трамплиннен секіру сияқты спорт түрлерінен бағын сынайтыны белгілі. Ұлттық комананың қатары арта түсуі мүмкін. Өйткені, лицензиялық жарыстар жалғасып жатыр.

Ұлттық құрама жасақталды

Щучинск қаласында биатлоннан Қазақстан Кубогының екінші кезеңі мәресіне жетті.

Оның қорытындысы бойынша жастар арасындағы қысқы олимпиадада ел намысын қорғайтын команда іріктелді.

Атап айтқанда, байрақты бәсекеге қатысу құрметі ұлдар арасында Ілияс Хасенов, Кирилл Зотов және Антон Редькинге бұйырды.

Ал қыздар арасында Әлем Қарабаева, Мария Воробьева мен Эвелина Рыбалкина жолдама алды.

Бұл Ойындар еліміз үшін маңызды іс-шаралардың бірі. Өйткені қысқы жасөспірімдер олимпиадасы ересек ұлттық команданың болашақта ізін басатын спортшыларәлеуетін көрсетеді, - деді министр Ермек Маржықпаев қысқы ойындарға қатысатын спортшылардың дайындығы бойынша кеңейтілген отырыста.

Айта кетейік, 4-қысқы олимпиада Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында өтеді. Айтулы жарыс 19 қаңтарда басталып, 1 ақпанға дейін жалғасады. Оған 70 мемлекеттен 1800 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

Елеусінов енді не істейді?

Данияр олимпиадаға баруға дайын. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов күтпеген мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы нақты шақырту болып, тиісті жағдайлар жасалса, жазғы ойындарға баруға қарсы емеспін деген жазба қалдырған.

Мен дайын өнім екенімді барлығыңыз білесіздер. Қазақтың соңғы олимпиада чемпионы бола тұра маған көбі сенбейді. Сынайды. Соған қарамастан рингке оралудың амалын іздеп, барлық жағын қарастырып жүрмін, -дейді Данияр.

Ол жанкүйерлер тарапынан тарихи жетістік туралы жиі айтылатынын алға тартады. Яғни, қазақтан әлі күнге дейін 2 дүркін Олимпиада чемпионы шықпаған.

Айта кетейік, Данияр 2016 жылы Рио олимпиадасында топ жарды. Оған дейін әлем чемпионы да болды. 2 дүркін Азия ойындарын және 2 дүркін Азия чемпионатын ұтты. 2018 жылдан бастап кәсіпқой боксқа қауысты және ол жақта 11 кездесу өткізіп, 11-інде де жеңіске жетті.

Аталған жазба өткен демалыстарда қызу талқыланды және жанкүйерлерді екіге жарды десе де болады. Бірақ, кейін Даниярдың өзі біраз сараптап, кәсіпқой бокста қала берем деген тоқтамға келіпті. Десе де жоғарыдағы мәлімдеме бекер емес деп ойлаймын және алдағы лицензиялық турнирлерде жерлестеріміз тағы сәтсіз өнер көрсетіп жатса, отандық боксқа жауаптылар Даниярдың ұсынысын негізге алуы керек.

Ал бокс бойынша лицензиялық турнир тура 2 айдан кейін Италияда өтеді. Осыған байланысты Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттер бірер күннен кейін Алматыға жиналып, жаттығу жинын өткізеді. Бұл жөнінде бас бапкердің өзі мәлімдеді. Байрақты бәсекеге дейін 2 жалпы және 1 арнайы әзірлікті пысықтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, әзірге ұлттық құрама қоржынында 1 ғана жолдама бар. Оны Қытайдағы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алды. Қалған 6 салмақта ел намысын қорғайтын жігіттер қараша айында Қазақстан спартакиадасында іріктелді. Енді олар бірер айдан кейін Италияның Бусто-Арсицио қаласында бағын сынайды. Одан кейін тағы бір мүмкіндік бар. Яғни, мамыр айында соңғы лицензиялық турнир Тайландта өтеді. Осы аралықта біздің жігіттер барлық салмақ бойынша жолдамалар жеңіп алып үлгеруі керек. Одан кейін Париж олимпиадасына бағытталған негізгі әзірліктер басталады.