Бибісараның бағы жана ма?

Қазақ шахматшыларынан тарихи нәтиже күтеміз. 2023 жылдың соңғы күндері зияткерлік ойыннан әлем чемпионаты өтіп жатыр және қазақстандық қыз-жігіттердің жеңіске жету мүмкіндігі бар.

Әсіресе, Бибісара Асаубаева 3 дүркін әлем чемпионы атана алады. Ол сәтті өнер көрсететін блитц бағытындағы бәсекелер бүгін басталады.

Карлсен мен Боднарук чемпион

Өзбекстанның Самарқанд қаласында шахматтан жылдың басты бәсекесі әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Күні кеше ерлер арасында 13, ал әйелдер арасында 11 турға созылған рапид бойынша жеңімпаздар анықталды.

Ерлер арасында Магнус Карлсен 10 ұпай жинап, кезекті рет топ жарды. Норвегиялық гроссмейстер енді рапидтен 5 дүркін әлем чемпионы саналады. Күміс словениялық, қола қытайлық шахматшыға бұйырды.

Қазақстан ойыншыларынан ең үздік нәтижені Денис Махнев тіркеді. Ол 8 ұпай жинады. Одан кейін Әлішер Сүлейменов тұр. Оның 7,5 ұпай бар.

Ал әйелдер арасында бейтарап тудың астына өнер көрсетіп жатқан ресейлік Анастасия Боднарук жеңіске жетті. Ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асаубаева бұл сынды 19-орында аяқтады. Одан кейінгі тәуір көрсеткіш Зарина Нұрғалиевада. Ол бас-аяғы 7 ұпай жинап, жалпы есепте 18-сатыға көтерілді.

Бүгін блитц бойынша бәсекелер басталады.

Айта кетейік, қазақстандық Бибісара Асаубаева шахматтың дәл осы бағытында 2 дүркін әлем чемпионы саналады. Сәйкесіншек, биылғы байрақты бәсекеде 3 дүркін жеңімпаз атануына мүмкіндік бар.

Самарқанд қаласындағы дүниежүзілік дода 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 1 млн доллар. Оның 700 мыңы ерлер арасындағы ашық бәсекеде, қалған 300 мыңы әйелдер арасындағы турнирдің жүлдегерлеріне үлестіріледі.

Қазақ жанкүйерлері «Реалға» шабуылдай бастады

Қазақстандық Нұралы Әліп қысқы трансфер кезінде «Реалға» жалға берілуі мүмкін деген ақпарат шығып еді. Артынша, жерлестеріміз «корольдік» клубтың әлеуметтік желідегі парақшаларына лап қойды.

Нұрәлі Әліптің «Реал Мадридке» баруы мүмкін деген ақпарат, тіпті, Еуропаның беделді басылымдарына дейін жетіп, жаппай жарияланып жатыр. Бұған қоса, көршілес Ресейдің атақты спорт сайттары толықтай жазып шықты.

Айта кетейік, 23 жастағы Нұралы 2022 жылдың ақпан айынан бері «Зенит» сапында өнер көрсетеді. 2023 жылдың қаңтарында Санкт-Петербор клубы оны «Қайраттан» 2 миллион еуроға сатып алды. Қос тарап арасындағы келісім 2025 жылдың маусым айына дейін жасалған. Бұған қоса жерлесіміз ұлттық команда қатарында тұрақты жасыл алаңға шығып жүр және қазір ең үздік ойыншылардың бірі саналады. Әсіресе, Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Нұралы Әліп барын салып, тарихи жетістікке жетуге көмектесті.

Жаңажылдық бұқаралық жүгіріс

Астана қаласының әкімдігі 31 желтоқсан күні орталық саябақтарың біріне жиналып, спортпен белсенді шұғылданунға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

О баста бұл әуесқой спортшылардың бастамасы болған. Кейінгі жылдары жергілікті спорт басқармасы қолдау танытып, оны бұқаралық іс-шаралар тізіміне қосты.

Сонымен, биылғы жүгіріс елорда төріндегі ботаникалық бақтан басталып, ЭКСПО қалашығындағы бас шыршаның қасында мәресіне жетеді. Жүгіру қашықтығы тура 2024 метр.

Аталған бәсекеде жеңімпаздар анықталмайды. Жүгірістің өзі 31 желтоқсан күні 21:00-де басталады. Қатысам деушілерге ешқандай шектеу жоқ. Алғашқы 1000 адамды ресми тіркеп, кеудеге тағатын нөмірлер табысталады.