Волейболдан ҚР қысқы чемпионаты басталды
Талдықорғанда жасөспірім қыздар арасында волейболдан еліміздің қысқы чемпионаты басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Біріншілікке қатысуға 19 команда өтінім берген. Жетісу облысының «Өркен» және «Жастар 2» спорт залында өтіп жатқан жарыстың алғашқы ойынын «Маңыстау-Арена» мен «Алматы КГУ 64» командалары ашып берді. Нәтижесінде ақтаулық спортшылар суырылып алға шығып, ірі есеппен жеңіске жетті. Екінші ойын Ақтөбе облысының «Хромтау-Қобдасы» мен Жамбыл облысының атынан сынға түскен волейболшы қыздар арасында өтті. Бұл кездесуде «Хромтау» спортшылары өз қарсыластарынан басым түсті. Күзгі чемпионаттың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының волейболшы қыздары бірінші орынды ұтып алса, Батыс Қасақстан облысы екінші, Солтүстік Қазақстан облысының ойыншылары үшінші орынға ие болған еді. Ал үздік үштікке енген екі команда жарысты сәтті бастады.
Әсел Ғұбашева, жарыстың бас төрешісі:
- Өткен жылы волейболдан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты ең алғаш рет ұйымдастырылғаны естеріңізде болар. Енді 17 жасқа дейінгі волейболшылар арасында әлем чемпионаты өтеді. Талдықорғанда оздырылған ел біріншілігі сол байрақты бәсекелерде ұлттық құрама сапында өнер көрсететін қыздарымызды іріктеп алу үшін аса қажет. Сондықтан бүгінгі жарыс арқылы ұлттық құрама командамыздың іргетасы қаланып жатыр деп айтуға да болады.
Айару Сатыбалды, «Маңғыстау-Арена» волейбол клубының ойыншысы
- Талдықорғанға бірінші рет келіп тұрмын. Менің ойымша, ондыққа, сегіздікке кіруге үлкен мүмкіндік бар. Өзімізді көрсетуге тырысып, өзіміздің облысымыздың үмітін ақтап, солай. Ойланып ойнайтын мықты қарсыластар түсіп жатыр. Олардың да дайындықтары жаман емес.