Чемпион елге оралды
Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, шаңғышы Илья Мизерных Алматыға оралды, деп хабарлайды 24KZ.
Спортшыны әуежайдан оның отбасы мен достары, журналистер күтіп алды. Анасы қуаныштан көз жасына ерік берсе, достары тарихи сәтті таспалап, мәре-сәре болды.
Айта кетейік, Илья Мизерных халықаралық спорт жарысында шаңғымен тұғырдан секіруден 38 бәсекелесін артта қалдырып, үздік нәтиже көрсеткен. Бұл – жасөспірімдер арасындағы қысқы ойындардан ел тарихындағы алғашқы алтын. Спортшы өзіне қолдау көрсеткен отандастарына алғыс білдірді.
Илья Мизерных, жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы:
- Керемет сезімде тұрмын. Алғашында жеңіске жеткеніме сене алмадым. Қазақстандықтарға көп рақмет, қолдауларыңызды сездім. Қазақстан чемпиондарға бай мемлекет қой, әлі де жеңімпаздар шығатынына сенімдімін.