Қазақ күресінен ел үздіктері анықталды
Ел үздіктері анықталды.
Талдықорған қаласында қазақ күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Ішкі біріншілікке 2007-2008 және 2009-2010 жылы дүниеге келген өрендер қатысты. Бас-аяғы 1500-ге жуық спортшы жиналды. Олар 28 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Яғни 112 медаль жиынтығы мен 2 кубок сарапқа салынды. Сонымен жарыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласынан келген палуандар жалпы есепте бірінші орынға жайғасты. Қызылорда облысының командасы екінші орынды жеңіп алса, үшінші орын Түркістан облысының командасына бұйырды. Қазақстан чемпионатының нәтижесінде ұлттық құрама жасақталды. Яғни, үздіктер қатарынан табылған жасөспірімдер Әлем және Азия чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.
Холланд Қазақстанға келеді. Күні кеше Парижде ұлттар лигасының жаңа маусымы алында жеребе тарту рәсімі өтті. Айта кету керек, Қазақстан биыл алғаш рет «В» дивизионында өнер көрсетеді. Бұған дейін «С» дивизионында болдық және Сенсациялық жеңістерге жеттік. Соның арқасында бір саты жоғары көтерілдік. Сонымен жеребе тарту нәтижесінде Қазақстан биыл Норвегия, Австрия және Словениямен кездесетін болды. Матчтар алдағы күзде, нақтырақ айтқанда, 5 қазанда басталады. Ұлттық құрама өз алаңындағы ойындарды Алматы қаласында қабылдауы мүмкін. Өйткені Астана Арена стадионы жөндеу жұмыстарына жабылды. Қалай болғанда да Магомед Адиев баптайтын жігіттер алдағы ойындарға тыңғылықты дайындалып, жеңіс жолын жалғастыруға тырысады. Еске сала кетейік, өткен маусымда ұлттық командамыз «С» лигасында ойнап, өз тобында бірінші орын алды. Отандық футболшылар Әзербайжан, Словакия және Беларусь сияқты құрамаларды ұтты. Ұлттар лигасының ережесіне сәйкес, Қазақстан биыл да өз тобында бірінші орын алса, А тобына жолдама алады. Егер соңғы орында қалса, қайтадан С тобына төмендейді. Ал орташа нәтиже В тобында қалуға мүмкіндік береді.
Болашақ чемпиондар даярлығы
Ұлттық құрамаға лайықты ізбасарлар дайындау қажет. Осындай мақсатты ұстанған елордалық мамандар ерекше бастаманы қолға алды. Оның аясында қалаға көпшілікке танылып үлгерген және өзіндік әдістемесі бар бапкерлерді шақырып, бірлескен жаттығу өткізу көзделеді. Мәселен, күні кеше бұнда Дамир Дауытов келді. Бір кездері ұлттық құрамада жасындай жарқылдаған футболшы қазір Алматыдағы «Қайрат» академиясында жұмыс істейді. Ол елордаға арнайы табан тіреп, №8 спорт мектебінің балаларымен шеберлік сағатын өткізді. Білген-түйгенімен бөлісті. Кейін бүлдіршіндермен емін-еркін әңгіме құрып, сұрақтарына жауап берді. Алдағы уақытта осындай форматтағы дайындық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылмақ.
Дамир Сәкенұлы, «Қайрат» футбол академиясының бапкері:
- Арнайы шақырғаннан кейін бас тарта алмадым. Қазір бұнда 2013 жылы дүниеге келген өрендер жаттығып жүр. Осы жас деңгейіне қажетті физикалық жүктемелер беріп, футболдың қыр-сырын түсіндірдім. Айтпақшы дәл осы балалар алдағы айда Астанада өтетін халықаралық турнирге қатысады. Сәйкесінше осы шеберлік сағатында үйренгендерін пайдаға асырып, жарқын жеңістерімен қуантады деп үміттенемін.
Қанапия Сапаров, №8 спорт мекбебінің бапкері
Баскетболдан жасөспірімдер чемпионаты
«Астана» - Қазақстан чемпионы. Талдықорғанда баскетболдан да жасөспірімдер арасындағы республикалық біріншілік өтті. 17-18 жастағы ұлдардың бәсекесінде «Астана» баскетбол клубы жеңімпаз атанды. Олар ақтық сында қостанайлық жігіттерден айласын асырды. Үшінші орын үшін «Жетісу» мен «Алматы» баскетбол клубтары кездесіп, Алатау баурайынан келген команда жеңіске жетті. Ел біріншілігінде үздік ойынымен көзге түскендер ұлттық құрама сапына алынады. Олар биыл дәл осы жас ерекшелігі бойынша Азия чемпионатына барады. Жетісулық өрендер бұл жолы үздік үштікке енбегенімен, «Жетісу» баскетбол клубының қыздары чемпиондық атақты қайтарып алды.
Айдын Тұрсынбаев, жарысты ұйымдастырушы:
- Бұл жолғы ойындар өте тартысты өтті. Қыздар арасында «Жетісу» баскетбол клубы өздерінің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Екінші орын Түркістан облысында. Ал үшінші орынды Павлодар облысының баскетболшы қыздары жеңіп алды.
Жерлесіміз кіші қола жеңіп алды
Жерлесіміз кіші қола жеңіп алды. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні ауыр салмақтардағы спортшылар бәсекесі болды. Әсіресе 96 келіге дейінгілер арасында ел намысын Кирилл Староверкин қорғаған. Ол жұлқа көтеруде 150 келіні басынан асырып, алғашқы жаттығуды үшінші орынмен аяқтады. Ал серпе көтеруде 180 келіні бағындырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 330 келі көрсеткішпен 4-орын иеленді. Айта кетейік, қазір ұлттық құрама қоржынында қос күміс бар. Оны алғашқы күндері орта салмақтағы Сайрамкез Ақмолда және ауыр салмақтағы Александр Уваров жеңіп алды. Ташкенттегі құрлықтық дода 11 ақпанға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша Париж Олимпиадасының жолдамасына қажетті рейтингтік ұпайлар таратылады. Биылғы Азия чемпионатына 34 елден 190-нан аса атлет қатысып жатыр.
Кирилл Староверкин, Ұлттық құрама мүшесі:
- Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуім керек еді. Бірақ қазіргі шамам осы. Жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Десе де бұрынғы жарақаттар сыр беріп, кішкене кедергі жасады. Енді әлем чемпионатына әзірлікті бастаймыз.