Су спортынан алғашқы әлем чемпиондары елге оралды

Қатар елінің астанасы Дохада көк туымызды желбіреткен Эдуард Ким мен Наргиза Болатованы алматылық жанкүйерлер мен туған-туыстары күтіп алды.

Техникалық бағдарлама чемпиондарының тарихи жеңісі мен жоспары туралы ақпарат.

Су спортынның «техникалық микс - дуэт» чемпиондарын күтіп алуға адам көп жиналды. Жанкүйерлер арасында Эдуард Ким мен Наргиза Болатованың туған-туыстары да бар. Наргизаның әкесі Аслан Қамаров отбасымен Қарағандыдан арнайы Алматыға келіпті.

Аслан Қамаров, Наргиза Болатованың әкесі:

- Алты жасынан үйлесімді жүзуді үйрене бастады. 14 жасына дейін қалада дайындалып, сосын ұлттық құрама командасына, Алматы қаласына жаттықтырушылар алып кетті. Сол уақыттан бастап міне қазір 6 жыл негізгі құрамда.

Жанкүйерлер мен жақындардың ыстық ықыласына бөленген чемпиондар сол байрақты бәсекеде Қытай мен Мексикадан ұпай асырды. «Техникалық микс - дуэт» бағдарламасында 12 жұп өнер көрсеткен. Алғашқы алтын медаль иегерлерінің жұп болып жарысқа қатысып жүргендеріне бір жылдан асыпты.

Наргиза Болатова, әлем чемпионы:

- Жеңіске жету жолы оңай болмады. Ауыр әрі ұзақ уақыт жаттығудың нәтижесі деп ойлаймын. Әлем чемпионы боламыз, деген үміт аз еді. Дегенмен бар күшімізді салдық, жеңіске жетуге тырыстық. Чемпион атанған кезде жүрегімде еліміздің үмітін ақтадық деген мақтаныш сезім ұялады.

Чемпиондар сәл тынығып алған соң сәуірде Қытай астанасында басталатын кезекті әлем чемпионатына аттанады. Бағы мен бабы жанса Будапешттегі финалдық сайыста бақ сынайды. Наргиза мен Эдуардтың басты арманы Олимпиада чемпионы атану.

Эдуард Ким, әлем чемпионы:

- Техникалық микс - дуэтін Олимпиада ойындарына кіргізу туралы ұсыныс көп айтылып жатыр. Бұл кез келген спортшының арманы, мен де үміттімін. Біз жаттығу мен шеберлікті әрі қарай шыңдап, техникалық микс - дуэт бойынша 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқымыз келеді.

Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионаты 18 ақпанда аяқталады. Отандастарымыз 1 алтынмен командалық есепте 10-орында тұр. Бұл тарихи жеңіс осы спорт түрімен айналысып жүрген жеткіншектерге үміт ұялататыны анық.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев