Павлодардағы спорттық туризм клубына 25 жыл толды
Павлодардағы жас туристерді альпинизм, тау-кен техникасы және спорттық бағдарлауға баулитын клубтың құрылғанына дәл осы ақпан айында 25 жыл толып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Алғашында скаут қозғалысы түрінде ашылған клуб кейін Экология және туризм мектебінің құрамына енді. Ал тәрбиеленушілер халықаралық және республикалық деңгейдегі көптеген жарыста жүлделі орындарға ие болды. Спорттық туризммен айналысатын жастар қатары да еселеп артты.
Дарья Виткова клубқа 8 жасында келген. Бағдарлаудан республикалық чемпионаттарға қатысып жүлделі орындарға ие болған қыз қазір студент. Міндетті түрде клубтағы жаттығуға күніне екі сағат уақытын бөледі.
Дарья Виткова, спортшы:
- Спорттық бағдарлаудың түрлері өте көп. Жүгіру, шаңғымен жүру, тіпті радиостанция арқылы да бағдарлау бар. Соңғы кезде біздің спорт алға озды. Электронды ақпарат алу үшін біз чип тағамыз. Жүгіріп келе жатып, бақылау пункттеріне тіркелуіміз керек. Онда нөміріміз бойынша қанша уақытта жүгіріп өткеніміз жазылады
Дарья Виткованың бұл сүйікті спорт түрі ғана емес, өмір сүру ұстанымы десе де болады. Ол қыста шаңғымен, жазда велосипедпен, кейде жаяу жүгіріп-ақ барлық қашықтықты бағындырады. Дене шынықтыру және спорт мамандығын таңдаған бойжеткен келешекте шәкірт тәрбиелеуге мықтап бекінген. Спорттық бағдарлаумен қазір 100-ге тарта бала айналысады. Жас ерекшеліктері де әртүрлі.
Добромир Кузин, спортшы:
- Менің жасым 8-де. Спортпен айналысып жүргеніме 2 жыл болды. Көп нәрсені үйрендім. Скалодромға өрмелеймін. Жазда қолыма карта және компас алып, орманда жүгіремін. Бақылау пункттерін іздеп табамын.
Құзға өрмелеп, биіктікті бағындыру – тәуекелі басым әрі аса қауіпті спорт түрі. Білікті маманның көмегінсіз жұмыс алға баспайды, нәтиже де болмайды. Оксана Дьяченко туризм мектебі ашылған күннен бері педагог болып жұмыс істейді. Шәкірт тәрбиелеп жүргеніне ширек ғасыр болды.
Оксана Дьяченко, қосымша білім беру педагогы:
- Біздің команда ұзақ жылдар бойы аймақаралық «Ертіс меридианы» слетінде көшбасшы болды. Бұл Павлодар облысында өте танымал мерекелік шара еді. Спорттық бағдарлаудан ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз көп. Біздің клуб бірнеше бағытта жұмыс істейді. Әр бала өзіне ұнаған спорт түрін таңдайды.
Спорттық туризмнің құзға өрмелеу түрімен Павлодарда 500-ге тарта спортшы жаттығады. Олар – 6 мен 18 жас аралығындағы жастар. Жаттықтырушылардың айтуынша, көпшілігі болашақта өндірістік альпинизм, құтқарушы мамандықтарын таңдап, өмірден өз орындарын табады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.