Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Нидерландта алтын медаль алды
Михаил Шайдоров Нидерланд Корольдігінің Тильбург қаласында өткен Челлендж кап турнирінде топ жарды.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қысқа бағдарламада 85.75 ұпай жинап, 2-сатыға жайғасқан болатын. Жерлесіміз еркін бағдарламада кеңінен көсіліп, суырылып алға шықты. Шайдоров бұл сында 170,59 ұпай жинады. Қазақстандық спортшы қоссайыс қорытындысы бойынша жалпы есепте 256,34 балмен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Күміс медалді Жапониялық Тацуя Цубои ұтып алды. Үшінші орын да күншығыс елінің өкілі Казуки Томоноға бұйырды. Бұл турнирге барлығы 32 мемлекеттен 157 спортшы қатысты.