Қазақстан Қатарды жеңді

Қатарынан екінші жеңіс. Баскетболдан 2025 жылғы Азия кубогының іріктеу кезеңі жалғасып жатыр және Қазақстан құрамасы бұл жолы сырт алаңда Қатар жігіттерінен басым түсті.

Қорытынды есеп: 68-73. Ұлттық команда сапында Вадим Щербак үздік ойыншы атанды. Ол матч барысында 18 ұпай жинады. Ал қарсылас құрамада ең жоғары көрсеткішті Абдулрахман Мохамед Саад тіркеді. Ол бас-аяғы 20 ұпай еншіледі.

Айта кетейік, Евгений Овсянников баптайтын жігіттер бірер күн бұрын Астанада Үндістан құрамасын қабылдап, 86:53 есебімен жеңіске жеткен болатын. Осының арқасында Қазақстан "Е" тобының екінші сатысына жайғасты. Бірінші орында Иран тұр. Ұпай көрсеткіштері бірдей. Қос команда енді алдағы күзде, яғни 22-ші қарашада кездеседі. Ойын Иран елінде болады. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде 16 команда ғана финалға жолдама алады. Азия кубогы 2025 жылдың тамыз айында Сауд Арабиясында ұйымдастырылады.

Ұлттар лигасы: Келесі кездесуге дайындық

33 ойыншы шақырту алды. Оның 5-еуі шетелдерде доп тебеді. Тура бір айдан кейін Қазақстан құрамасы УЕФА ұлттар лигасы аясындағы кезекті кездесуін өткізеді. Яғни плей-офф кезеңінде сырт алаңда Грекиямен жолығуы қажет. Осыған байланысты ұлттық құрамаға кіретін жігіттердің кеңейтілген тізімі жарияланды. Оның ішінде көрші ресейлік клубтарда өнер көрсететін Нұралы Әліп, Лев Скворцов және Александр Зуев сияқты футболшылар бар. Бұған қоса, Түркия чемпионатында ойнап жүрген Бақтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов та дайындыққа келуі керек. Жаттығу жиыны 8-ші наурызда басталады. Магомед Адиев баптайтын жігіттер Дубай қаласында әзірлік жүргізбек. Кейін сол жерде Түрікменстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізу де жоспарланған. Ал Қазақстан мен Грекия арасындағы матч 21 наурызда болады. Оған паралель Грузия мен  Люксембург командалары өзара мықтыны анықтайды. Аталған 4 құраманың біреуі ғана 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алады.

Қыздар арасындағы халықаралық турнир

Алматыда бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың жүлдесіне арналған қыздар арасында дәстүрлі халықаралық турнир мәресіне жетті. Бір апта бойы 25 салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасқан 200-ден аса былғары қолғап шеберінің арасынан бағы мен бабы қатар шапқан кіл мықтылар топ жарды. Ең жеңіл салмақта өзбек қызы Жасмин Токирова ешкімге дес берген жоқ. 50 келі салмақта да өзбек қызы Машироапованың асығы алшысынан тұрды. Ал ауыр салмақтарда біздің бойжеткендердің бағы басым болды. 81 келіде Аружан Зейнуллаева жеңіс тұғырынан көрінсе, Панар Сейітханқызы ең ауыр салмақта алтыннан алқа тақты. Жалпы командалық есепте жерлестеріміз бірінші орынға тұрақтады. 3 алтын иеленген Өзбекстан құрамасы екінші орыннан көрінсе, 1 қола жүлдеге қол жеткізген Моңғолия құрамасы үштікті түйіндеді. Осы жарыста өз шеберлігімен көзге түскен боксшы қыздар енді ұлттық құрама сапына шақыртылып, құрлықтық және әлемдік аламандарда ел намысын қорғайды.  

Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты

Алматы қаласында тоғызқұмалақтан да республикалық чемпионат аяқталды. «Ұлттық ойынымыздың классикалық түрінен өткен додаға еліміздің әр аймағынан 130-дан аса қатысушы жиналды. Бұл өте маңызды жарыс»,  - дейді ұйымдастырушылар. Себебі жеңімпаздар қыркүйек айында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел намысын қорғайды. Сонымен қатар, тоғызқұмалақтан Түркия мемлекетінде болатын әлем чемпионатына да жолдама алады. Жүлдегерлер Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде өткен жабылу салтанатында марапатталды. 10 турға созылған чемпионат қорытындысы бойынша ерлер арасында қызылордалық Бексұлтан Бостандықов иеленсе, әйелдер арасында бірінші орынды Ақтөбе облысынан келген Мөлдір Серікқызы жеңіп алды. Ал командалық есепте Сыр өңірі суырылып алға шықты.  

Қоржынымызда 11 медаль

Қоржынымызда 11 медаль. Оның 3-еуі алтын. Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен Азия чемпионаты басталды. Ерекшелігі сол – байрақты бәсеке 3 жас деңгейі өтеді. Спортты дамыту дирекциясы таратқан ақпаратқа сәйкес, жарыстың алғашқы күні қашықтыққа жүзу және суға секіру бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Нәтижесінде, ересектер арасында қазақстандық Аделаида Пчелинцева алтын жүлдегер атанды. Ол 100 метрге брасс әдісімен жүзу бойынша сынға түскен еді. Аделаиданың жеңіс жолын артынша Ксения Игнатова жалғады. Ол 50 метрге шалқалай жүзуде топ жарды. Бұған қоса, ұлттық құрама сапындағы Диана Тасжанова 200 метрге еркін жүзуде күміс, 800 метрге еркін жүзуде қола медаль еншіледі. Сонымен қатар, Қазақстанның әйелдер құрамасы, яғни жоғарыда аты аталған Аделаида Пчелинцева, Диана Тасжанова, Ксения Игнатова  және Софья Сподаренко төрттігі командалық сында күміске қол созды. Төменгі жас деңгейіндегі спортшыларымыздың да көрсеткіші жақсы. Олар ә дегеннен 1 алтын, 3 күміс және 1 қола жеңіп алды. Нью-Кларк-Сити қаласындағы құрлықтық дода 9 наурызға дейін жалғасады.