Елімізде алғаш рет пара үстел теннисінен халықаралық турнир өтіп жатыр

Елімізде алғаш рет пара үстел теннисінен халықаралық турнир өткізіліп жатыр.

Әлемнің 19 елінен келген 150 спортшы Париждегі Паралимпиада ойындарына берілетін жолдаманы сарапқа салады. «Астана Пара Оупен 2024» жарысы, сондай-ақ спортшыларға ұпай жинап, халықаралық рейтингте орын алуға мүмкіндік береді.

«Астана Пара Оупен 2024» турнирінің ашылуына Халықаралық пара үстел теннисі федерациясының басшысы Пабло Перестің өзі қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Айтулы бәсекеде Қазақстан намысын 50 пара атлет қорғайды. Бағы мен бабын сайлап келген спортшыларымыздың бірі атыраулық Ерлан Ғазиев.

Ерлан Ғазиев, Қазақстан құрамасының ойыншысы:

- Бұл жарыс өте маңызды мен үшін, бұл менің арманым десе де болады Олимпиада ойындарына жолдама алу. Бұл жарыс Олимпиада ойындарына жолдама береді, лицензия береді. Тактикалық, техникалық жағынан схема құрып дайындалып келдік.

Турнир қатысушыларының арасында параолимпиада жеңімпаздары, Еуропа және Азия чемпиондары бар. Азулы қарсыластардың бірі Ұлыбританиядан келген пара спортшылар.

Сиол Пишуп, Ұлыбритания құрамасының ойыншысы:

- Қазақстанда мықты пара спортшылар бар. Жарыс қарсаңында олардың ойынын қарап, әдіс-тәсілдерін зерттедім. Олар бұл сайыста біздің басты бәсекелестеріміздің бірі. Сондықтан тыңғылықты дайындықпен келдім.

Айтулы бәсеке қазақстандық атлеттер үшін халықаралық дәреже алуға тамаша мүмкіндік. Спортшыларымыздың жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенім мол.

Медет Байкен, ҚР Ұлттық пара үстел теннисі федерациясының бас хатшысы:

- Төрт спортшымыздың Париж параолимпиадасына рейтингтік ұпайлары жетіп тұр қазіргі таңда. Оларда мүмкіндік бар осы жарыстың арқасында көш бастап, жеңіс тұғырына шығады деген үміттеміз.

Байрақты бәсеке Астанадағы үстел теннисі орталығында өтіп, үш күнге жалғаспақ.

Қуандық Танабас, Жандос Битабаров