Алматыда қазақ күресінен «Әскер барысы» анықталды
Алматыда әскерилер арасында қазақ күресінен ашық турнир өтті.
Республикалық бәсекеге еліміздің барлық күштік құрылымдарынан 50-ден астам спортшы қатысты. Турнирдің ерекшелігі – жеңімпаздар қазақ күресінен өтетін дәстүрлі «Қазақстан Барысы» турниріне жолдама алады. Сонымен қатар биыл алғаш рет «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері арасында «Жас сарбаз барысы» атағы үшін жарыстар ұйымдастырылды. Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшысы, сержант Әділ Оразбаев иеленді. Ал «Жас сарбаз барысы» атағы Десанттық шабуылдаушы әскерінің «жас барысы» Нұрсейіт Сахыбаевқа бұйырды.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы:
- Қарулы күштерде жалпы идеология құралы ретінде ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамытып келеміз. Биыл Қазақстанда алғаш рет ТМД елдерінің әскерилері арасында қазақ күресінен чемпионат өткізуді жоспарлап отырмыз.
Жандос Сейтенов, турнирге қатысушы:
- Салмағым 160 килограм. Дайындық өте жақсы болды. Тиянақты дандылғанбыз. Бірінші жылы келгенімде Ерасыл Қажыбаев деген ағамызға есе жіберіп қойып едім бірінші айналымда. Осы жолы жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын.