Грек-рим балуандары 3 жолдама ұтып алды

Грек-рим балуандары 3 жолдама ұтып алды

Бішкек қаласында күрес түрлерінен лицензиялық жарыс аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан құрамасының 3 балуаны Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды. Соңғы күні бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері шықты.

«Бішкек Аренадағы» байрақты бәсеке аса тартысты басталды. Әсіресе біздің жігіттер үшін жауапкершілік үлкен болды. Өйткені күрестің дәл осы түрінен бір ғана жолдамамыз бар еді. Оны былтыр Нұрсұлтан Тұрсынов жеңіп алған. Енді бұл жолы бозкілемге 5 спортшымыз шықты. Оның 3-еуі үмітті ақтап, лицензияға қол созды. Атап айтқанда, Айдос Сұлтанғали, Демеу Жадыраев және Әлімхан Сыздықов қарсылас шақ келтірмеді.

Жарыс ережесі бойынша Олимпиада жолдамасы финалға шыққан спортшыларға ғана беріледі. Міне, осы мүмкіндікке бір қадам жетпей тоқтаған жерлесіміз бар. Яғни негізгі үміттердің бірі болған Мейіржан Шермағахамбет жартылай финалда есе жіберді. 

Осылайша, күрес түрлері бойынша ұлттық құрамадағы жолдаманың жалпы саны жетеуге жетті. Яғни классиктер 4 лицензия иемденсе, еркін күрес шеберлерінің еншісінде 3 жолдама бар. Әзірге тек әйелдер күресінде бірде-бір спортшымыз осы мүмкіндікке қол соза алмады.