Париж олимпиадасы. Жолдама саны 50-ге жетті
Париж олимпиадасының басталуына 80 күнге жетер-жетпес уақыт қалды.
Ал ұлттық құрама қоржынындағы жолдамалар саны енді 50-ге жетті. Бұл аз ба, көп пе? Жазғы ойындарға дейін оның жалпы санын нешеге жеткізе аламыз және олимпиада барысында қанша медаль алу жоспарланып отыр?
Жолдамалар саны 50-ге жетті
Ұлттық құрама қоржынындағы жолдамалар саны 50-ге жетті.
Париж олимпиадасының кезекті лицензиясын көркем гимнастика шебері Эльжана Таниева жеңіп алды. Ол Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатына қатысқан болатын.
Байрақты бәсекеде 17 елден 100-ге жуық спортшы бағын сынады. Қазақстандық Эльжана Таниева көпсайыс бәсекесінде ең жоғары көрсеткіш тіркеді. Яғни, 133.40 ұпай жинады. Осының арқасында Азия чемпионы атанды және Олимспиада жолдамасын алды.
Құрлықтық додада лицензия бірінші орын алған спортшыға ғана беріледі. Енді Эльжана Париж олимпиадасына арнайы бағдарлама бойынша дайындалады.
Айта кетейік, кейінгі жазғы ойындраға көркем гимнастикадан 1 ғана жолдама алып жүрміз. Яғни, Рио мен Токио олимпиадасында осындай жағдай болған. Бірақ жерлестеріміз жүлдеге ілікпеді.
Иманқұлов пен Попелова күміске қол жеткізді
Сұрмергендеріміз де жолдамаға таласып жатыр.
Дәл қазір Әзірбайжан астанасы Баку қаласында нысана көздеуден әлем кубогі өтуде. Дүниежүзідік додаға 84 елдің спортшылары жиналды. Оның ішінде ұлттық құраманың 21 өкілі бар.
Қазақстандық қыз-жігіттер алғашқы жарыс күндері жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, тапаншамен 10 метрдегі нысана көздеуде Эльдар Иманқұлов пен Валерия Попелова жұбы финалға шығып, ақтық сында Түркия құрамасына ғана есе жіберді. Нәтижесінде күміс жүлдегер атанды.
Қазақстандық спортшылар енді нысана көздеудің басқа бағыттарында да бағын сынап, олимпиада жолдамасын көбірек алуға тырысады.
Жалпы Қазақстан спорттық ату федерациясы биыл лицензия саны бойынша өзіндік рекорд қоюды жоспарлап отыр. Бұған қоса, Париж олимпиадасында көптен күткен медальды иемденеміз деген де мақсат бар.
Баку қаласындағы байрақты бәсекенің жалпы қорытындысы 13 мамырда белгілі болады.
Олимпиадаға дайындық
Қазақстан спортшылары сәуір айында жоспарды асыра орындап, 18 лицения жеңіп алды. Ал мамыр айында тағы 20 жолдама алуды көздеп отыр.
Бұл жөнінде Париж олимпиадасына дайындық жөніндегі штаб өкілдері мәлімдеді. Спортқа жауапты мамандар штаб кеңсесінде Мәжіліс депуттарымен кездесіп, дайындық барысы жайында айтып берді.
Қазақстан спортшылары қатысатын рейтингілік және лицензиялық жарыстарға арнайы күнтізбе жасалып, әзірлік жұмыстары жіті бақылауға алынды. Қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Тіпті, олимпиадаға баратын қыз-жігіттердің материалдық жағдайлары да ескеріліп, тиісті қолдаулар қарастырылды дейді спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.
Ал депутаттар өз кезегінде көпшілікті алаңдатқан сауалдарды қойып, саладағы мәселелелерге жеке-жеке тоқталды. Әсіресе, білікті мамандар тапшылығын жойып, спорттық медицина мен спорттық ғылымға көңіл бөлу керектігі сөз болды.
Артынша штаб өкілдері мен мәжіліс депутаттары Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының дайындық залына барып, дзюдошыларымыздың әзірлігін көрді.
Айта кетейік, бірер күннен кейін елордада жапон жекпе-жегінен әлемдік гран-слэм өтеді. Бұл – Париж олимпиадасы алындағы соңғы лицензиялық жарыстардың бірі. Қазір Елдос Сметов бастаған ұлттық құрама алдағы додаға қызу дайындалып жатыр. Байрақты бәсекеде барынша жоғары нәтиже тіркеп, көбірек ұпай алуға тырысамыз дейді спортшылар.
Ал депуттатар мен шбат басшылары дзюдошыларды алаңдатқан мәселелерді біліп, оның шешу жолдарын талқылады.
Аслан Қаженов, 24.KZ