Орыс қызы қазақтың ұлттық спортын дәріптеп жүр
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының аруы Александра Ден шу асауды ауыздықтап, сәйгүліктің құлағында ойнайды, деп хабарлайды 24KZ.
Бала күнінен бәйгеге қатысқан батыл қыз қыз қууда соңынан қуған жігіттерді шаңына да ілестірмей кетеді. Жылқыға құмар жан қазір ұлттық спорт түрлерін жандандырып жүр. Жастарға тізгін тартып, жамбы атуды үйретеді.
Александра Ден садақ атудың Еуропалық және азиялық әдістерін жетік біледі. Қазақ даласында өскен орыс қызы бала күнінен тоқым ұшы тимеген шу асауды жуасытып, саятқа шыққанды сүйеді. Бүгінде қазақтың ұлттық дәстүрін ұлықтап, көпке дәріптеп жүр. Ауданда садақ ату және атбегілер клубын ұйымдастырған. Тақымы берік әрі жебесі мүлт кетпейтіндерді іріктеп, «жамбы атуға» баулиды. Александра бұл өнерді елімізде 20-ға жуық қыз-келіншектің игергенін айтып отыр. Сондықтан ұлттық спортқа қыздарды көбірек тартуды көздеген. Қазір үйірмеге 40 тәлімгер жазылды.
Александра Ден, спортшы:
- Қыздардың қызығушылығы басым. Бірінші нысананы бір орыннан тұрып көздейміз. Садақты игергеннен кейін жылқы үстінде шауып келе жатып атуды да игереді. Бұл істі одан әрі дамытқымыз келеді. Ұлттық спорт түрлерінен кәсіби спортшыларды тәрбиелеу жоспарда бар.
Александра Деннің оқушыларының арасында 9 жасар қызы Жанель де бар. Анасы сияқты ол да бала күнінен сәйгүліктің тізгінін тартып мінген. Аттың құлағында ойнайтын жас шабандоз қазір ел біріншілігіне дайындалып жүр. Бәйгіге қосар ағылшын тұқымынан сәйгүлігі де бар. Еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық спортты дәріптеп жүрген мұндай жандардың арқасында бабалар дәстүрі ұмыт қалмасы анық. Ал қыркүйек айында Астанада өтетін Көшпенділер ойындарында Александра Ден сияқты спортшылар еліміздің туын асқақтатары сөзсіз.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.