Бокс: М.Базарбайұлы Олимпиадаға іріктеу турнирін жеңіспен бастады

Бангкокте бокстан соңғы лицензиялық турнир жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Париж Олимпиадасына 13 салмақ дәрежесінде 248 жолдама қарастырылған болса, соның ішінде, осы лицензиялық турнирде қалған 51 жолдама үлестіріледі.

Аталған лицензиялық турнир боксшыларымыз үшін Олимпиадаға жолдама алатын соңғы мүмкіндік. Жауапты бәсекеде Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алу үшін елден 6 боксшы аттанған болатын. Олардың нәтижелері қалай?

Қазақстандық боксшы Мұхамедсабыр Базарбайұлы Олимпиадаға іріктеу турнирін жеңіспен бастады. Бангкок қаласында өтіп жатқан жарыстың бірінші айналымында отандасымыз филиппиндік боксшыдан басым түсіп, келесі кезеңге өтті. Оның келесі қарсыласы Түркия боксшысы Мизан Айкол. 63,5 келі салмақта жұдырықтасатын былғары қолғап шебері бұған дейін Италияда өткен іріктеу сынында жеңіліс тапқан еді. Алайда елімізде өткен спаррингтік турнирде жеңіске жетіп, Таиландта лицензияға таласу мүмкіндігін алған болатын. Ал бүгін жарыс жолына 2 қызымыз шығады. 60 келідеге Римма Волосенко германиялық Мария Ганглбауермен жолықса, 75 келідегі Валентина Хальзова украиналық Каролина Махномен қолғап түйістіреді.

 

«Ролан Гаррос» турнирі басталды

Михаил Кукушкин жеңіліп қалды. Иә, Франция астанасы Парижде «Ролан Гаррос» турнирі басталады. Төрт «Үлкен дулыға» жарысының бірі Франция ашық чемпионатында дүниежүзілік рейтингте 135-ші орында тұрған жерлесіміз Қазақстан атынан алғашқылардың бірі болып өнер көрсетіп франциялық Фабиан Марожанға есе жіберді. Кукишкин үш сетте де айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Ал бүгін жарыс жолына Кукушкинді жеңген француздан екі мәрте айласын асырған жерлесіміз Александр Шевченко шығады. Оның қарсыласы рейтингітің 82-ші сатысындағы ресейлік Аслан Карацев. Ал Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-шы ракеткасы Александр Бублик іріктеу сайыстарынан негізгі турнирге жолдама алған франциялық, дүниежүзілік рейтингте 108-орынға жайғасқан Грегуар Баррермен ертең жолығады. Ал Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина бастапқы кездесуін рейтингіде 86-сатыдағы бельгиялық Гретье Минненмен өткізеді. Юлия Путинцева болса, рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған америкалық, 2017 жылғы АҚШ чемпионы Слоан Стивенспен шеберлік байқасады. Айта кетейік өткен жылы Парижде аталған екі бұрымды теннисшіміз де үшінші айналымнан аса алмаған болатын.

 

Футзал: Қазақстанның әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды

Бүгін Өзбекстанның Самарқан қаласында футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионаты финалдық кезеңінің жеребесі тартылды. Командалар FIFA рейтингіне сәйкес себеттерге бөлінді. Қазақстан екінші себетке түсті.

Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы D тобында: Испания, Жаңа Зеландия және Ливиямен бірге бір топта өнер көрсетеді.

4 жылда 1 келетін байрақты бәсеке 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанның үш қаласында: яғни Ташкент, Бұхара және Әндіжан қаласында өтеді. Айта кетейік, 2021 жылы Литвада өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 4-ші орынға тұрақтап тарихи нәтиже көрсеткен болатын.

 

Қостанайда ауқымды республикалық бәйге өтті

Қостанай облысындағы «Арғымақ» ипподромында Қостанай жылқылары арасында осы жылдағы алғашқы ауқымды республикалық бәйге өтті. 2022 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан дүлдүлдер дүбіріне 50-ден астам жүйрік қатысты. Бәйге 5 қашықтық бойынша өтті. Нәтижесінде 1000 метрлік ұшқыр бәйгені жергілікті жылқы зауытының Тактика атты тұлпары 1 минут 9 секундта шауып, мәрені алғаш болып кесті. 1800 метрлік ұшқыр бәйгеде Ақмоланың арғымағы Самғау бірінші болса, 2000 метрлік ұшқыр бәйгеде Нұриден Садыбеков иелік ететін Барбараның жолы болды. Ал 5 шақырымға шақталған құнан бәйгеде Сарма есімді құнан топтың алды болды. Оның көрсеткіші 7 минут 9 секунд. 18 шақырымдық аламан бәйгенің жүлдесі қарағандылық Ырзықбаев Жандостың Тайфун есімді жүйрігіне бұйырды.

Айта кетейік, жыл соңына дейін Қостанай жылқылары арасында тағы осындай 4 ат бәйгесі өтеді. Бүгінгі жарыстың жалпы жүлде қоры 19 млн теңгені құрайды

 

Волейбол: Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты

Филиппинде әйелдер командалары арасында волейболдан өтіп жатқан «AVC шақыру кубогі» турнирінде Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты. Ришат Гилязутдиновтің шәкірттері В тобындағы соңғы ойынын Гонконг құрамасымен өткізді. Бұдан бұрын Вьетнамға 1:3 есебімен есе жіберген қазақстандықтарға жартылай финалға шығу үшін жеңіс ауадай қажет болды. Құрамасының капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова бастаған қазақстандықтар жанкүйерлерін жерге қаратпай, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Енді бұрымдыларымыз финалға шығу үшін Филиппин құрамасымен шеберлік таластырады. Айта кетейік аталмыш турнир чемпионы «Сегіздік финалына» жолдама алады. Онда Ұлттар лигасының бір ғана жолдамасы сарапқа салынады.